USD
USD
USD

Цифрлық платформа істен шықса, такси жүргізушілері мен курьерлер табыссыз қалмауы керек – депутат

Құрылтай отырысында цифрлық платформалардың техникалық ақауы салдарынан табысынан қағылатын такси жүргізушілері мен курьерлердің құқығын қорғау ұсынылды. 

Такси
Фото: Pixabay

Астана, NEGE. «Әділет» партиясының депутаттары Үкіметке платформалар жұмысы тоқтаған жағдайда орындаушыларға өтемақы төлеу тетігін қарастыру жөнінде депутаттық сауал жолдады.

Депутат Гүлзира Атабаева Мемлекет басшысы Үкіметке цифрлық жұмыспен қамтудың оңайлатылған құқықтық режимін қалыптастыру міндетін қойғанын еске салып өтті. Оның айтуынша, бұл бағыттағы жұмыстың маңызы артып келеді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2026 жылғы қыркүйекте Қазақстанда 35 интернет-платформа арқылы қызмет көрсететін 1 миллионнан астам орындаушы болған.

Алайда платформалық жұмыспен қамтудың да өзіндік тәуекелдері бар. Бұл ретте депутат Yandex Go сервисіндегі техникалық ақау салдарынан такси жүргізушілері мен курьерлер біраз уақыт тапсырыс қабылдай алмай, табыс табу мүмкіндігінен айырылғанын айтып өтті. Бұған қоса, кейбір орындаушылар тапқан ақшасын шығарып алуда қиындықтарға тап болған.

«Бұл жағдай бір ғана жеке цифрлық платформаның техникалық ақауы жүздеген мың азаматтың жұмыспен қамтылуы мен табысына тікелей әсер етіп, олардың бір мезетте жұмыс істеу мүмкіндігінен айырылуын көрсетті», – деді Гүлзира Атабаева.

Осыған байланысты «Әділет» партиясының фракциясы Үкіметке үш ұсыныс жолдады.

Біріншіден, платформалық жұмыспен қамтудың Қазақстанның еңбек нарығына төндіретін тәуекелдеріне кешенді бағалау жүргізу ұсынылды.

Екіншіден, цифрлық платформаларда жаппай техникалық ақау болған жағдайда мемлекеттік органдар мен операторлардың бірлесіп әрекет ету тәртібін әзірлеу қажет. Оның ішінде азаматтарды жедел хабардар ету, тапсырыстарға қолжетімділікті қалпына келтіру, берешекті жедел өтеуді және зардап шеккен орындаушыларға арналған ерікті өтемақы алгоритмі қамтылуға тиіс.

Үшіншіден, платформалардың ұзақ уақыт жұмыс істемей қалуы кезінде такси жүргізушілері мен курьерлер сияқты тапсырысты орындаушыларды қорғаудың практикалық тетіктерін қарастыру ұсынылды.

Депутаттар цифрлық экономиканы дамыту азаматтардың табыс табу мүмкіндігін кеңейтумен ғана шектелмеуі керек деп есептейді. Сонымен бірге платформалар арқылы жұмыс істейтін адамдардың табысы мен әлеуметтік кепілдіктері де қорғалуға тиіс.

Еске салсақ, 11 қазанда Қазақстанда «Яндекс Go» қосымшасының жұмысында ақау шықты. «Яндекс Go Қазақстан» ақау барын растады. Көп ұзамай Ресейдің Владимир қаласындағы «Яндекстің» деректер орталығына дрондар шабуыл жасағаны хабарланды. Ресейлік БАҚ мәліметінше, шабуыл салдарынан орталықтың жабдықтары зақымданып, жұмысы тоқтаған.

Қазір оқып жатыр

«Кемшіліктерді мойындаймыз»: «ҚазАвтоЖол» жол саласындағы мәселелерді атады

Алматы облысы әкімдігі

Қазақстанда құрастырылған көліктер арзандай ма? Министр жауап берді

автокөлік өндірісі

Қазақстанда келер жылы ветеринарлардың жалақысы кемінде 420 мың теңгеге дейін өсуі мүмкін

Ветеринар дәрігер

«Негізі жоқ ақпаратқа қалай пікір білдіремін?»: Ақкенженов Теңіз кен орны туралы

Ерлан Ақкенженов