Референдум Референдум
7 Наурыз 12:56
...

Тіс ауруы қатерлі ісіктің белгісі болуы мүмкін

.
Фото: ЖИ көмегімен жасалған

Ұлыбритания тұрғыны Эдд Виейра тіс ауырғанда оған немқұрайлы қарамауға шақырды. Оның оқиғасын Mirror басылымы жариялады.

Референдум

Астана, NEGE. 42 жастағы ер адам әуелі сол жақ сүйір тісінің сыздап ауырғанын сезген. Біраз уақыттан кейін алдыңғы және сол жақтағы тістері ауырып, кейбірі босап, қозғала бастаған соң, стоматологқа қаралуға тура келген.

Жасалған компьютерлік томография сол жақ мұрын қуысының ішінде ісік бар екенін анықтаған. Ол мұрын астына қарай өсіп, оң жаққа да тарай бастаған.

Дәрігерлер Эдд Виейраға екінші сатыдағы диффузды ірі B-жасушалы лимфома диагнозын қойған. Бұл – қан қатерлі ісігінің бір түрі. Тексеру нәтижелері ісіктің сол жақ үстіңгі жақ сүйегін де зақымдағанын көрсетті.

«Мен оны жай ғана кариес деп ойладым: пломба салдырып, бәрі бітеді деп күттім. “Қатерлі ісік” дегенді естимін деп мүлде ойламадым», – дейді ол.

Эддтің айтуынша, тіс ауруынан өзге айқын белгілер байқалмаған. Кейде мұрнын сіңбіргенде ауырсыну сезілген. Сондай-ақ оң жақ танауының жанында кішкентай қатты түйін пайда болған, алайда ол бұған алғашында мән бермепті.

Ер адам дәрігерге дер кезінде қаралғанының арқасында ауру ерте анықталғанын айтады. Оның сөзінше, қатерлі ісік мойнына да тарай бастаған.

Қазір Эдд химиотерапия курсынан өтіп жатыр. Ол алты кезеңнің төртеуін аяқтаған. Ем толық аяқталғаннан кейін дәрігерлер оның нәтижесін бағалайды. Мамандар ауруды ремиссияға жеткізуге үміттенеді, алайда кей жағдайларда дерт қайта оралуы мүмкін.

Референдум