6 Қаңтар 17:42
...

Трұмов Түпқараған ауданына тығылып барған ба?

Фото:

Әлеуметтік желіде Маңғыстау облысы Түпқараған ауданына облыс әкімі Трұмовтың іссапармен барғаны және әкімге жайнатып дастарқан жайып жіберу үшін қызу дайындық болғаны туралы ақпарат тарады.

Бұл туралы Ербол Еділов инстаграм парақшасында былай деп жазды:

«Желіде тарап жатқан жазбаларға қарағанда, Түпқараған ауданының әкімі облыс әкімін «қарапайым» ғана дастарқан жайып, күтіп жіберген сыңайлы. Ауданның қазіргі әкімі Айбек Қосуақов қызметке тағайындалғанға дейін бір күн де мемлекеттік қызметте жұмыс істемеген. Әлбетте, егер көкең әкімдіктегі миллиондаған мемлекеттік тапсырыстарды жеңіп алса, сонымен қатар, мәслихат депутаттығына үміткер болса, болашақта қызметте өсуіңе қол ұшын беретін «бетонщикті» барынша күтіп алған дұрыс шығар? Мысалы, газ трубасын ескермей төселген асфальт пен аудандағы жолдың сапасына «көз жұма» қарағаны керек қой?! Сондай-ақ, осы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінде 26 миллион теңгеден астам қаражат жымқырды деп айыпталған қызметкердің директор болып тағайындалғаны туралы дерек бар. Ол Жаңаөзен қаласының 36 тұрғынын «Өзенмұнайгаз» және оның бөлімшелеріне жұмысқа орналастырамын деп алдаған. Міне, сіздерге «қарапайым әкім»! Сөз жоқ».

Естеріңізде болса, 23 қыркүйек күні Түпқараған ауданы Аташ елді мекенінің Б.Ақсамбаев көшесіне асфальт төсеу кезінде газ құбыры жол ортасында қалған болатын. Оны көрген ауыл тұрғындары әлеуметтік желілерге жариялап, шу шығарған еді.

Тақырыпқа орай: Трұмов НЕГЕ тайғанақтап жүр?

Сонымен қатар, әкімді күтіп алу үшін жайылған дастарханға қанша қаражат кеткенін және қалай дайындалғанын растайтын суреттер жариялады. Оның қолына әкімдік қызметкерлерінің WhatsApp желісінде бір-біріне жазған хабарламалары түскен.

Осы ақпараттың анық-қанығына көз жеткізу үшін, Nege.kz сайтының тілшісі Түпқараған аудандық әкімдігіне хабарласқан болатын.

Кім келсе де, дәм татқызбай жібермейтін халықпыз ғой. Десе де, әкімдік қызметкерлері Трұмовтың ауданға қашан келгенін құпия ұстағысы келетіні сыңайлы. Тіпті, кейбіреулері оның ауданға іссапармен келгендігі жөнінде хабарсыз болып шықты. «Келді», –  деп алып, артынан сөзінен тайқыған қызметкерлер, телефон тұтқасын бір-біріне сілтеп әбігерге түсті.

«Ол туралы ақпарат сіздерге не үшін керек? Оны неге сұрадыңыздар? Мұндай сұрақты жай ғана қоңырау шалып, сұрауға болмайды, ресми хат жазыңыздар! Мен ештеңе деп жауап бере алмаймын. Ресми хат жолдасаңыздар жауап береміз», – деді қоңырауымызға жауап берген әкімдік қызметкері. 

Маңғыстау облыстық әкімдігіне және Түпқараған аудандық әкімдігіне ресми сауал жолдағанымызды және сауалдарымызға уақытында жауап келгенін қош көретінімізді ескертеміз.

Облыс әкімінің ауданға келіп кеткенін, аудандық әкімдік қызметкерлері білмей ме, әлде сұрағымызға жауап беруден қорықты ма ол жағы өздеріне аян. Әйтеуір, қойған сұрағымызға жарытып жауап ала алмадық. Дегенмен, тілшіміз Серікбай Трұмовтың Түпқараған ауданына қашан барғанын облыс әкімдігінің сайтында жарияланған ақпараттан анықтап алды. Дәл осы ақпарат Түпқараған аудандық әкімдігінің сайтында да жарияланған. 

«Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов жұмыс сапарымен Түпқараған ауданына барды. Өңір басшысы Форт-Шевченко қаласында 16 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні мерекесі аясында «Мұрын жырау Сеңгірбекұлы» музейінің ашылу салтанатына қатысты. Аймақ басшысы аудан тұрғындарын еліміздің ең ұлық мерекесі Тәуелсіздік күнімен құттықтап, жаңадан ашылған нысанның жұмысына сәттілік тіледі», – деп жазылған ақпаратта.

 Трұмовтың 14 желтоқсан күнгі Түпқараған ауданындағы іссапарынан

Ол Форт-Шевченко қаласындағы су тұшыту қондырғысының жұмысымен танысып,Трұмовтың қатысуымен Форт-Шевченко қаласында Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында теңіз жағалауында абаттандырылған жағалау іске қосылған екен.

С.Трұмов 2004-2006 жылы және 2008-2012 жылдары Түпқараған ауданына екі мәрте әкім болған. Бір кездері өзі басқарған ауданға аяғы тартып тұратыны да содан болар, бәлкім.  Бірақ мұның несі құпия?

Біздің ойымызша, Трұмовты өзіне арналып жайылған дастарқанға қатысты сұрақ мазалайтын сияқты. Грек жаңғағынан бастап, шайға дейінгі баға 100 мың теңгеге жетіп жығылыпты. «Бетонщик» деген лақап атына енді «Фишбармачник» деген ат қосылса, оның несі жақсы?  

Тегтер: