7 Тамыз 15:21
...

Трұмов НЕГЕ тайғанақтап жүр?

Фото:
Екі аптадан жаңа асыпты,

Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмовтың тындыра алмай жүрген тірлігін жіпке тізіп, бір қамшылап қойғанбыз. Бірақ тым тереңдемедік. Оған себеп жетіп-артылып жатса да. Шенділердің «шекесінен сипап» қоюымызға көп жағдайда өздері себепкер болады. Бұл жолы Трұмов тағы сүрінді. Жаңбыр жаумай су болып жүретін әкім Ақтауда қатты нөсер жауып еді, тайғанақтай жөнелді...

Ендігі айтпағымыз екі мәселе: Алғашқысы, күні кеше Ақтау қаласы алапат нөсердің астында қалды. Көшеде көлкіп аққан тасқын суда көліктер қайықша жүзді. Көше мен жолды қойшы, бұзылған жері бүтінделер, кем-кетігі жасалар. Бастысы, тұрғын үйлерге зақым келді. Жер үйлердің іргесін толқын соқса, көпқабатты үйлердің кейбірінің төбесі «тесіліп» кетті. Тұрғындар телефонға түсіріп, әлеуметтік желіге салған бейнематериалдарға қарасаңыз, адамның үрейі ұшады. Подъездің төбесінен шелекпен құйғандай етіп төгілген су лақылдап, баспалдақ арқылы сыртқа шығып жатыр. Құдды, шатыры жоқ үй секілді. Қысыммен ұрған су енді бір үйдің унитазынан сыртқа ақтарылуда.  

Ресми деректерге қарағанда, 12 учаскені су басса, оның бесеуі автокөлік жолдары көрінеді. Нақты қанша үйдің зақымданып, қанша пәтер иесінің шығынға батқаны белгісіз. Өкініштісі, төбесі «тесілген» үйлердің қатарында мемлекеттік бағдарламамен салынған, яғни, қолданысқа кейін берілген үйлер де бар көрінеді. Бұл енді тағы бір мақаланың жүгі.

Енді осы тосын оқиғаның Серікбай Трұмовқа қандай қатысы бар? Неге мұны біз мұны қала әкіміне емес, облыс әкіміне тірейміз? Әрине, аймақ басшысының аспаннан жауын тілемегені белгілі. Бірақ Трұмовтың осы өңірдің тумасы, әрі қызметтік жолында тек Маңғыстау маңын шиырлап келе жатқанын ескермеске амал кем. Оның үстіне бұл шенеунік 2015-2017 жылдары Ақтауды басқарған. Демек қарт Каспийді иығымен тіреп жатқан қалада нөсерден қауіп бар екенін облыс әкімінің білмеуі мүмкін емес. Өйткені 2016 жылы, яғни, Трұмовтың тұсында да Ақтау мен Жаңаөзенде осыған ұқсас нөсер жауған. Бұл жолғысы 66 мм болса, ол кезде 64 мм жауын түсіп еді.

Сол кезде не болды? Шамадан тыс жүктемені көтере алмай трансформаторлар істен шықты. Сарқынды суды соруға арналған қондырғылар жұмысын тоқтатты. Тіпті кейбірі су сормақ түгілі су астында қалып қойды. Кешегі ағыл-тегіл аққан судың қарқынына қарап, осындай жағдайлар қайталанды ма екен деген де күдігіміз бар. Көпқабатты үйлердің шатырындағы «қуыс-қуыс» құрылыстың сапасыздығын ғана білдірмейді, ықтимал қауіпті ескермеген салғырттықтан да белгі береді. Яғни, жауапты шенділер еш сабақ алмаған. Міне, біздің нөсер келтірген залалдың сырын Ақтауға әкім болып кеше келген Нұрдәулет Қилыбайдан емес, облыс басшысы Серікбай Трұмовтан іздейтініміз сондықтан.

Шелектеп құйған жаңбырдан бірер күн бұрын да Ақтауда бүкіл республиканы елең еткізген бір жағдай болған еді. Дәлірек айтсақ, 1 тамыз күні Бибіжамал Әбләзімова есімді 79 жастағы кейуананың қайтыс болғаны хабарланған. Бұл кісі полиция генерал-майоры, Батыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің басшысы Мақсұтхан Әбләзімов пен бизнесмен Бахаридин Әбләзімовтің анасы екен. Ал жаназаға келген қарақұрым халықтың видеосы әлеуметтік желіге тарап, көпшіліктің ашуын туғызды. Себебі шынымен де жаназаға жүздеген адам келген және жерлеу рәсімі кезінде орталық көше жабылған.

Ақтаулық белсенділер бұған жол берген облыстық Полиция департаментінің бастығы генерал-майор Жанарбек Бақтыбаев пен облыстың бас санитар дәрігері Ерғали Сыдымановтың отставкаға кетуін талап етті. Кейіннен облыстың полиция департаменті марқұмның туыстарына қатысты әкімшілік хаттама толтырылғанын хабарлады. Ішкі істер министрі осы оқиғаға байланысты қызметтік тексеру басталғанын мәлімдеді. Марқұмның туыстары көпшіліктен кешірім сұрады.

Осылайша жаназаның соңы дауға ұласып, марқұмның туыстарына соққы болып тиді. Ақтаудағы жайсыз жағдайдың облыс басшысына жайлы тимегені анық. Ендеше, оған кім кінәлі? Трұмов кімді айыптаса да, өзі біледі. Әйтсе де мына мәселелерді айтпай кете алмаймыз: коронавируспен күреске, карантиндік талаптарды сақтауға жауапты ең бірінші тұлға – аймақ басшылары. Өздері басқарған өңірдегі жағдайдың жай-күйін президент пен үкімет басшысына баяндайтын да – солар. Міне, сойылдың жуан басы Трұмовқа тиетіні де осыдан.

Бірақ бастысы бұл емес. Полиция департаментінің бұрынғы басшысының анасы өмірден қайтқанда, бүгінгі басшысы шектеулердің шартын қадағаламақ тұрмақ, жолды жауып берген. Екеуі де генерал-майор екен. Сонда облыс басшысының пәрмені қос генералға жүрмей ме? Әсіресе, дәл қазіргідей індет құтырып тұрған кезеңде! Алда ақтаулық өзге де шенді-шекпенділердің талап бұзбасына кім кепіл? Ондай жағдайда, әкім қандай қайла қылады?

Жауын мен жаназаның жыры Трұмовты тұғырдан тайдыра қоймас, сірә. Өйткені қолдаушысы һәм қорғаушысы осал емес деседі. Бірақ қайта-қайта сөз ести берген қайбір жақсы дейсіз? «Маңғыстаудың маңын шиырлай беретін» Трұмов қанша жерден сүйкімді болса да, осылай жалғаса берсе, күндердің-күнінде қолдаушысы да қорғай алмай қалуы әбден мүмкін ғой...

Тегтер: