Трейдерлер Қытайға экспорттан шет қалғанын айтып, дабыл қақты
Қазақстанның агроөнеркәсіп саласындағы 100-ден астам компания Президент пен салалық министрлерге ашық хат жолдады.
Астана, NEGE. Экспорттаушылардың айтуынша, Қостанай және Ақмола облыстарындағы Ауыл шаруашылығы министрлігінің агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің аумақтық бөлімшелері фитосанитарлық сертификат беруді уақытша тоқтатқан. Соның салдарынан трейдерлік компаниялар арқылы экспорт жүргізу мүмкін болмай қалған.
«Сертификат беруден бас тартуға 2026 жылғы 1 сәуірдегі Комитеттің хаты негіз болған. Ол Қытай тарапының хабарламасына сүйеніп дайындалған. Құжатта өнім тек тіркелген кәсіпорындардан (GACC) шығуы керек екені, сондай-ақ өндірушінің тіркеу нөмірі көрсетілуі тиіс екені жазылған. Алайда еш жерде экспорттаушы міндетті түрде өндіруші болуы керек, ал трейдерлерге экспорт жасауға болмайды деген талап жоқ. Соған қарамастан, жергілікті жерде трейдерлік компаниялар арқылы экспортқа тыйым салынды. Бұл талап Қытай тарапының хатында да, Қазақстанның нормативтік актілерінде де қарастырылмаған», – делінген хатта.
Мәтін авторлары 50-ден астам контейнерлік пойыз бен 200-ден астам вагон жөнелтілмей, жүктелген күйде тұрғанын, ал компаниялардың шығынға батып жатқанын жазған.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің айтуынша, қазір шекарада тұрып қалған вагондар жоқ.
Ведомствоның редакцияға ұсынған мәліметі бойынша Қазақстан Қытайға өсімдік өнімдерінің 21 түрін жеткізуге келісім жасаған. Қытайдың кедендік тізімінде 3 443 кәсіпорын тіркелген, оның ішінде 96-сы бидай мен арпаға қатысты жем қоспаларын шығарады.
Енді жаңа талап енгізілген: бидай мен арпадан жасалатын жем қоспалары (80% бидай және 20% арпадан тұратын жем қоспасы) бөлек өнім ретінде қаралады. Сондықтан бұрын тіркелген кәсіпорындар қайтадан тіркеуден өтуі керек. Қытайға өнім тек сол тізімге енген компаниялардан ғана қабылданады.
«Қазіргі жағдай Қытай тарапы өндірушілер мен өнімдер тізімін жаңартумен байланысты, бұл басқа елдерден келетін жеткізілімдерді реттеуге бағытталған. Бұл тек Қазақстанға ғана қатысты емес.
Фитосанитарлық талаптарға сәйкес, Қазақстаннан Қытайға экспортталатын бидай мен арпаның жем қоспасы тек тіркелген кәсіпорындардан шығуы тиіс. Тіркелмеген кәсіпорындардың өнімін Қытайға жеткізуге жол берілмейді», – деп хабарлады министрлік.
Министрліктің мәліметінше, әзірге 27 кәсіпорын қайта тіркеліп үлгерген. Тағы 61 компания бойынша өтінімдер Қытайға жіберілген. Жаңа өтінімдер қабылдау жалғасып жатыр.
Министрлік бұл жағдайды экспортқа толық тыйым салу деп санамайды.