27 Қаңтар 13:20

Трамптың басына қара бұлт үйірілуде

Фото:

The New York Times газеті президент Трамптың ұлттық қауіпсіздік жөніндегі бұрынғы кеңесші Джон Болтонның естелігінің қолжазбасын жария етті.

Алматы, NEGE. Онда автор АҚШ президениті Дональд Трамптың ресми Киевтен бұрынғы вице-президент Джо Байден мен оның ұлы Хантерге қатысты құжаттарды АҚШ-қа беруін және тергеу жүргізуін талап еткенін, бұлай етпесе, Украинаға арналған әскери көмекті бергізбей тастайтынын айтып қоқан-лоқы жасағаны туралы жазған. Басылымның дерегінше, Трамп бұл шешімін Болтонға ол мемлекеттік хатшы Майк Помпео мен қорғаныс министрі Марк Эспермен бірге президентті Украинаға көмек беру қажеттігіне көндірмекке талпынғанда жеке жария етіпті.  Бұл жаңалықтан кейін Дональд Трамп Твиттердегі парақшасына дауға қатысты бірнеше жазба қалдырды. Ол Джон Болтонның бұл әрекетін өзін жұмыстан қуғаны үшін қайтарған кегі ретінде қабылдайтын секілді.

 «Мен ешқашан Джон Болтонға  Украинаға жасалатын көмектің Байден және демократтар ісін тергеуге тікелей тәуелді болатынын айтқан емеспін. Шындығына келсек, ол бұл туралы қызметінде жүргенде ешкімге шағымданбаған еді. Егер Джон Болтонның осылай дегені рас болса, ол оны тек кітабын сату үшін ғана айтты...»,- деп жазды Дональд Трамп.

Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі көмекшісі болған Джон Болтонды президент Трамп былтыр күзде қызметінен қуған еді. Мемлекеттік хатшы Майк Помпео президент пен Болтон арасындағы қайшылық тереңдеп кеткенін ашық мәлімдеген еді. АҚШ басылымдары да Дональд Трамп өзінің қауіпсіздік жөніндегі көмекшісін халықаралық істерге араластырғысы келмейтінін жазған болатын. Джон Болтон америкалық саяси истеблишмент арасында өздеріне қарсы келген елдерге ұр тоқпақ саясатын қолдануды жақтаушы ретінде белгілі. Оны Дональд Трамп тіпті "әскери маньяк" деп атағаны да белгілі. Сондықтан «Ең алдымен Америка» деген ұранмен билікке клеген Трамп екеуінің көзқарастары қайшы келіп қалғаны таңданарлық емес.      

Бұл жаңалық демократтар басымдыққа ие Конгресттің өкілдер Палатасының оң жамбасына келіп тұр. Президент Трампты билігін асыра пайдаланды деп айыптаған демократтар Сенатта осы дау бойынша сот тыңдалымын бастауға қол жеткізген еді.

Демократтар биыл өтетін президент сайлауына үкілеп отырған үміткері Джо Байденді ысыру үшін Трамп Украина билігіне қысым көрсетуге барды деп айыптауда. Олардың сөзінше, Трамп былтыр шілдеде украин президенті В.Зеленскийге телефон соғып, Джо Байденнің ұлының украинның газ саласындағы жемқорлық былықтары туралы мәлімет беруін талап еткен-міс. АҚШ әділет министрлігі интернетке тарап кеткен бұл телефон әңгімесінен ешқандай заңбұзушылық таппаған еді.

  Енді мына даудан кейін бұған дейін Трамптың бұрынғы көмекшілерін сот тыңдалымына шақырудан бас тартып келген Сенаттағы республикашылдар оларды тыңдау туралы демократтардың талабымен келісуден басқа амалы қалмайтын секілді. Егер Болтон мен өзгелері сөздерін растап әрі дәлелдей алса, онда Трамптың басына импичментті былай қойып, сотталудың қара бұлты үйірілетін секілді.    

 

Тегтер: