Трамптың инаугурациясы қарсаңындағы қауіпсіздік шаралары күшейтілді
Алматы, NEGE. АҚШ-тың жаңадан сайланған президенті Дональд Трамптың инаугурациясына дайындық барысында қауіпсіздік шаралары күшейтілді.
CBN агенттігінің мәліметінше, Вашингтонда Капитолийден Ақ үйге дейінгі екі мильдік аймақ арнайы қауіпсіздік аймағы ретінде белгіленді. Бұл аймақта көлік қозғалысына шектеу қойылып, кіреберіс жолдарға қорғаныш бөгеттер орнатылды. Құқық қорғау органдары инаугурация кезінде 25 000-нан астам қызметкерді жұмылдырмақ. Ел астанасындағы полиция департаментінің бастығы Памела Смит:
«Президенттің ұлықтау рәсімі кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін АҚШ-тың түкпір-түкпірінен офицерлер ел астанасындағы полицияға қолдау көрсетеді», – деп атап өтті.
Трамптың сайлауалды науқаны кезінде орын алған бірнеше оқиға қауіпсіздікке қатысты алаңдаушылықты арттырды. Соңғы айларда Пенсильвания мен Флоридада жасалған қастандық әрекеттері, Жаңа Орлеанда жүк көлігінің адамдарға шабуыл жасау жағдайы және Лас-Вегастағы Трамп қонақ үйі маңындағы көлік жарылысы осы шараларды қатаңдатуға түрткі болды.
Құпия қызмет әуеден бақылау жүргізу үшін дрондарды пайдалануды жоспарласа, Федералды авиация әкімшілігі Вашингтон орталығындағы әуе қозғалысына уақытша шектеу енгізді. Ұлттық гвардия мен басқа штаттардан келген офицерлер инаугурацияға келген қонақтарды бақылау-өткізу пункттерінде тексереді. Сонымен қатар, ФБР қауіпті талдау және тергеу жұмыстарын үйлестіру мақсатында екі арнайы командалық пункт құрған.
Ұлттық ауа райы қызметінің мәліметінше, дүйсенбі күні Вашингтонда ауа температурасы -5°C-қа дейін төмендейді. Осыған байланысты инаугурация рәсімін дәстүрлі түрде Капитолийдің батыс жағында емес, ғимарат ішіндегі Ротонда өткізу мәселесі қарастырылуда. Бұған дейін, 1985 жылы, Рональд Рейганның екінші инаугурациясы да суық ауа райына байланысты осылай өзгертілген болатын.
Шенеуніктердің мәлімдеуінше, нақты қауіп-қатер анықталмағанымен, экстремистік топтардың ықтимал әрекеттеріне дайындық күшейтілген.