Трамп ұлдарының Қазақстандағы вольфрам жобасына АҚШ 1,6 млрд доллар бөлмеуі мүмкін
АҚШ-тың АҚШ экспорт-импорт банкі (EXIM) мен Халықаралық даму қаржы корпорациясы (DFC) Қазақстандағы Cove Kaz Capital компаниясының вольфрам өндіру жобасын 1,6 млрд доллар көлемінде қаржыландыруды әзірге жоспарлап отырған жоқ.
Астана, NEGE. Бұған жобаның экономикалық болашағына қатысты күмән мен геосаяси тәуекелдер себеп болған, деп жазады экономист Арман Батаев Bloomberg агенттігіне сілтеме жасап.
Жоспар бойынша, жобаға EXIM 900 млн доллар, ал DFC 700 млн доллар көлемінде қаржы құю жоспарланған. Бірақ Bloomberg дереккөздерінің мәліметінше, екі ұйым да әзірге жобаға ақша салуды көздеп отырған жоқ. Оларды Қазақстанның Қытай мен Ресей арасында орналасуына байланысты геосаяси тәуекелдер де алаңдатады.
DFC өкілі корпорация қазір бұл мәмілені белсенді түрде қарастырып жатпағанын айтқан. Ал Cove Kaz Capital компаниясы төрт кезеңнен тұратын бағалау рәсімінің алғашқы сатысында тұр. EXIM банкінің қызығушылық білдірген хатының мерзімі тамызда аяқталған. Компания оны ұзартуды сұраған.
Ал компания басшылығы АҚШ шенеуніктері жобаны қолдауды жалғастырып жатқанын мәлімдеді. Директорлар кеңесінің төрағасы Пини Альтхаустың айтуынша, түпкілікті техникалық-экономикалық негіздеме 2027 жылы аяқталғаннан кейін қаржыландыруға ресми өтінім берілмек. Оның сөзінше, оған дейін компанияға қарыз қаражаты қажет емес.
Сонымен қатар Cove Kaz Capital АҚШ қор биржасына шығуға дайындалып жатыр. 2 қарашада компания Kaz Resources атауымен листингке шығу жоспарын жариялады. Сондай-ақ Трамптар отбасымен байланысты American Ventures компаниясы жобаға 32 млн доллар инвестиция салуға міндеттеме алған.
Компанияның бағалауы бойынша, бұл мәміле оның құнын 1,97 млрд долларға жеткізуі мүмкін. Бұл алдыңғы бағалаудан 76 пайызға жоғары. Cove Kaz Capital 2031 жылдан бастап АҚШ-қа вольфрамды ұзақ мерзімді жеткізуді жоспарлап отыр.
Wall Street Journal басылымының мәліметінше, Дональд Трамптың ұлдары кіші Дональд Трамп пен Эрик Трамп компанияның 1 пайыздан аз үлесіне ие болуы мүмкін. Олардың өкілі ағайындылар бизнесті басқаруға қатыспайтынын мәлімдеген. Компания да олардың Қазақстандағы мәмілені жасасуға араласпағанын алға тартады.
Экономист вольфрамның АҚШ үшін стратегиялық маңызы бар металдардың бірі екенін атап өтеді. Ол зымырандар мен артиллериялық оқ-дәрілер өндірісінде қолданылады. Трамп әкімшілігі бұл жобаны АҚШ-тың Қытай вольфрамына тәуелділігін азайту стратегиясының бір бөлігі ретінде қолдаған.
Еске салсақ, бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамптың ұлы кіші Трамп пен Ресей билігіне жақын кәсіпкер, Халықаралық бокс қауымдастығының президенті Умар Кремлев биыл Қазақстанда кездесіп, бірқатар бизнес келісімдерін талқылаған болуы мүмкін екенін жазған едік. Алайда кездесуде нақты қандай келісімдер сөз болғаны әзірге құпия қалып отыр.