Трамп Украинаға әскери көмек жіберуді уақытша тоқтатуға бұйрық берді

АҚШ президенті Дональд Трамп Украинаға әскери көмек көрсетуді уақытша тоқтатуға бұйрық берді.
Алматы, NEGE. Бұл Трамп пен Украина президенті Владимир Зеленский арасындағы даудан кейін, бірнеше күн өткен соң болып отыр.
«Президент бейбітшілікті жақтайтынын анық білдірді. Біз үшін әріптестеріміздің де осы мақсатқа ұмтылғаны керек. Біз көмекті тоқтатып, оның мәселені шешуге көмектесетініне көз жеткізу үшін қайта қарастырып жатырмыз», – деп келтірді әлемдік ақпарат агенттіктері мен америкалық БАҚ.
Трамптың өзі әзірге бұл шешімге қатысты пікір білдірген жоқ, Ақ үйден де ресми ақпарат түскен жоқ.
Дүйсенбіде «Украинаға әскери көмекті тоқтатасыз ба?» деген сұраққа Трамп: «Ары қарай не болатынын көреміз» деді.
Bloomberg және Fox News хабарлауынша, үзіліс Трамп Украина басшылығының бейбітшілікке ұмтылысын танытқанына көз жеткізгенше созылады.
Украинаға әлі жеткізілмеген АҚШ-тың барлық әскери техникасы, соның ішінде ұшақтар мен кемелер арқылы тасымалданып жатқан немесе Польшадағы транзиттік аймақтарда жөнелтілуін күтіп тұрған қару-жарақтар АҚШ-қа қайтарылады.
«Трамп қорғаныс министрі Пит Хегсетке бәрін тоқтата тұруды бұйырды», - деп жазады басылым дереккөзге сілтеме жасап.
Еуропалық шенеуніктердің пайымдауынша, Еуропа берген қару-жарақ тек жазға дейін жетеді.