19 Тамыз 08:52
...

Трамп пен Зеленскийдің Вашингтондағы кездесуі қалай өтті?

Трамп пен Зеленский
Фото: ғаламтордан

2025 жылдың 18 тамызында Ақ үйде АҚШ президенті Дональд Трамп пен Украина президенті Владимир Зеленский, сондай-ақ Еуропа елдерінің көшбасшылары кездесті. Келіссөздердің басты тақырыбы АҚШ-тың Украинаның қауіпсіздігіне кепілдік беру ісіне қатысуы болды.

Алматы, NEGE. 18 тамызда АҚШ президенті Дональд Трамп Ақ үйде Украина президенті Владимир Зеленскийді қабылдады.

Зеленскиймен бірге Вашингтонға Еуропаның 7 көшбасшысы келді: Ұлыбритания мен Италияның премьер-министрлері Кир Стармер мен Джорджа Мелони, Германия канцлері Фридрих Мерц, Финляндия және Франция президенттері Александр Стубб пен Эмманюэль Макрон, НАТО-ның бас хатшысы Марк Рютте және Еурокомиссия төрайымы Урсула фон дер Ляйен.

Жабық есік жағдайында өткен әңгімелесу бір сағаттан сәл ғана ұзаққа созылды.

АҚШ президенті Дональд Трамп қазіргі келіссөздер барысында тараптар Украинаға қауіпсіздік кепілдіктерін қамтитын келісімге қол жеткізе алады деген сенім білдірді.

Сонымен қатар, ол соғыстың аяқталуына қатысты түпкілікті түсінік кейінірек пайда болатынын атап өтті.

«Бірнеше аптадан соң біз соғыстың аяқталатынын немесе аяқталмайтынын білетін боламыз», — деді Трамп.

АҚШ президенті Дональд Трамп Еуропа лидерлерімен кездесуде Владимир Путиннің Украинаға қауіпсіздік кепілдігін беруге келісуі мүмкін екенін жоққа шығармайтынын мәлімдеді.

«Менің ойымша, Путин Украинада қауіпсіздік кепілдігі болуы тиіс дегенмен келіседі. Біз мұны қалай жүзеге асыратынымызды анықтаймыз, Еуропа көп жауапкершілікті өз мойнына алады», – деді Трамп.

Сонымен қатар, АҚШ президенті Украинамен және Еуропалық серіктестермен келіссөздердің жаңа деңгейге шыққанын атап өтті.

«Біз кімнің қандай міндетті атқаратынын егжей-тегжейлі талқылаймыз. Мен оң көзқарастамын және ұжымдық келісімге қол жеткізе аламыз деп ойлаймын. Оның көп бөлігін Еуропа өзіне алады», — деді Трамп.

Украина президенті Владимир Зеленский Вашингтондағы кездесу туралы: «Бүгін біз Трамппен осы уақытқа дейін алғаш рет жақсы әңгіме өрбіттік», – деді.

АҚШ президенті Дональд Трамп болса, Владимир Путин мен Владимир Зеленский Украинадағы соғысты реттеу үшін ортақ тіл таба алады деп сенім білдірді.

Өз кезегінде Украина президенті америкалық көшбасшының отбасына қолдауы үшін алғыс айтты.

«Сіздің жұбайыңызға балаларымыз жайлы жазған хаты үшін алғыс айтамын. Бұл балаларымыздың отбасымен аман-есен қауышуында тарихи рөл ойнайды деп үміттенемін», – деді Зеленский.

Аумақтарды алмасу мәселесі үшжақты форматта, Владимир Путиннің қатысуымен, мемлекет басшылары деңгейінде талқылануы мүмкін. Зеленскийдің айтуынша, Дональд Трамп дәл сондай кездесуді ұйымдастыруға тырысып жатыр.