Трамп қонақүйінің алдында Tesla көлігі жанып кетті
Лас-Вегас полиция департаменті жүргізуші қонақүй тұрағына кірген кезде ғана көліктің жарылғанын мәлімдеген.
Алматы, NEGE. Полиция Tesla көлігіндегі жарылысты теракт деп санап отыр. Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбадан көліктің тез арада жарылып кеткенін көруге болады.
Associated Press мәліметінше, оқиға салдарынан 1 адам қаза тауып, тағы 7 адам жарақат алды. Жергілікті шериф Кевин Макмэхиллдың айтуынша, жалға алынған көліктен бензин мен жанармай құйылған канистрлер және пиротехника табылған. Ол баспасөз мәслихатында тергеу жалғасып жатқанын және жүргізушінің жеке басы әлі анықталмағанын мәлімдеді.
Tesla компаниясының иесі Илон Маск оқыс оқиғаға қатысты тергеуді бастағанын айтты. Ол бұл жарылысты теракт болуы мүмкін екенін болжады. Сондай-ақ, Маск бұл оқиғаны Жаңа Орлеан қаласындағы адамдарды басып өткен көлік жағдайымен байланыстырды, анықталғандай 2 көлік те Turo каршеринг қызметі арқылы жалға алынған. Маск жарылыстың Cybertruck техникалық ақауларына қатысы жоқ екенін атап өтті.
– Біз жарылыстың жалға алынған Cybertruck көлігіндегі өте күшті отшашу немесе бомбаның әсерінен болғанына және көліктің өзіне қатысы жоқ екеніне сенімдіміз. Жарылыс кезінде көліктің барлық телеметриялық дерегі дұрыс жұмыс істеп тұрған, – деп жазды Масктің әлеуметтік желісінде.
Құқық қорғау органдары Жаңа Орлеандағы теракт пен Лас-Вегастағы жарылыс арасында байланыс болуы мүмкін екенін жоққа шығармады. Өйткені, қос оқиғада да көліктен "Ислам мемлекеті" лаңкестік ұйымының қара туы табылып отыр, сонымен қатар екі көліктің де бір қосымша арқылы жалға алынғаны белгілі болды.