Трамп АҚШ-та төтенше жағдай жариялады
АҚШ президенті Дональд Трамп Куба тарапынан төнетін қауіпке байланысты елде төтенше жағдай жариялады.
Астана, NEGE. Сондай-ақ ол аралға мұнай жеткізетін елдерге қосымша салық енгізу тетігін әзірлеуді бұйырды.
«Мен, Америка Құрама Штаттары Президенті Дональд Трамп, Кубаға қатысты жағдай АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігі мен сыртқы саясатына ерекше қатер төндіретінін анықтап, осы қатерге байланысты ұлттық төтенше жағдай жариялаймын», – делінген Ақ үй жариялаған жарлық мәтінінде.
Құжатта Куба үкіметінің АҚШ-қа қауіп төндіретін төтенше әрекеттерге барғаны атап өтілген.
«Бұл режим Америка Құрама Штаттарына қарсы бағытталған көптеген жау мемлекеттермен, трансұлттық террористік ұйымдармен және залалды субъектілермен, соның ішінде Ресей Федерациясы үкіметімен, Қытай Халық Республикасымен, Иран үкіметімен, ХАМАС және "Хезболла" ұйымдарымен одақтасып, оларға қолдау көрсетіп келеді», – делінген Трамп қол қойған құжатта.
Бұдан бөлек «Кубадағы коммунистік режим АҚШ-тың мүдделері мен сыртқы саясатына қайшы түрде терроризмді қолдап, көші-қон және зорлық-зомбылық арқылы өңірдің тұрақтылығын бұзатыны» айтылған.
Жарлық күшіне енген күннен бастап Кубаға тікелей немесе жанама түрде мұнай сататын кез келген елдің АҚШ-қа импортталатын тауарларына қосымша баж салығы салынуы мүмкін екені ескертілген.
Жарлық 2026 жылғы 30 қаңтардан бастап күшіне енеді.