USD
USD
USD

Тіпті жақын туысыңызға да қарыз бермеген дұрыс – қаржы маманы

Қаржы маманы Әсел Әуелбекова NEGE арнасына берген сұхбатында жақын адамдарға қарызға ақша берудің салдары туралы айтты. Маманның сөзінше, тіпті туыстарға да қарыз беруден аулақ болған жөн. 

Әсел Әуелбекова
Фото: NEGE

Астана, NEGE. Қаржы сарапшысының айтуынша, кейде қаржылай көмек беруден бас тарту жақының үшін пайдалырақ болуы мүмкін. Ал сонда да қарыз бергісі келген адам алдымен өзі үшін нақты шек белгілеуі керек. Егер ақша берілетін болса, оны қайтармай қалуы мүмкін екенін алдын ала ескерген жөн.

«Өзіңізге қолайлы соманы ғана берген дұрыс. Яғни сол ақшамен қоштасуға дайын болуыңыз керек және оның қайтарамын күтпеуіңіз қажет. Өйткені біреудің ақша қайтаруын күткеннен жаман нәрсе жоқ», – деді ол.

Әсел Әуелбекованың пікірінше, жақын адамға қарыз беру оның қаржылық мәселесін уақытша шешкенімен, қиындықтан өз бетімен шығуына кедергі келтірмек.

«Біз досымызға қарызға ақша бергенде, оның қиын жағдайдан оңай шығуына мүмкіндік береміз. Шын мәнінде, керісінше, бұл әрекетпен оны артқа тартамыз. Әрине, мәселенің түрі көп: кейде шынымен де аса күрделі, шұғыл, критикалық жағдайлар болуы мүмкін. Мысалы, адам қатты ауырып қалды делік. Тіпті бар жинағын жұмсап, пәтерін сатса да, операция жасауға жетпейді», – деді қаржы маманы.

Әсел Әуелбекованың айтуынша, шынайы қиындыққа тап болған адамға қаржылай көмек қайтарымсыз көрсетілуі керек. Мысалы, қазақтың асар дәстүріндей, туыстар бірігіп қаражат жинап, мұқтаж жанға көмектесе алады.

Қарыз туыстық қарым-қатынасты бұзуы мүмкін

Қаржы маманының айтуынша, қарызды қайтармау жақын адамдар арасындағы қарым-қатынасқа да кері әсер етуі мүмкін. Ал банк немесе басқа қаржы ұйымдары алдындағы міндеттемелер нақты талаптармен және жауапкершілік шараларымен реттеледі.

«Ақшаны қарызға алу үшін арнайы аккредиттелген, лицензияланған, реттелетін ұйымдар бар. Оның нақты шарттары бар және өз міндетіңізді орындамаған жағдайда шара қарастырылған. Ал бір-бірімізге қарызға ақша бергенде, оның жиі кездесетін салдары – жақсы туысыңмен қарым-қатынасың үзілуі», – деді ол.

Сондай-ақ Әсел Әуелбекова микрокредит бойынша төлемді кейінге қалдыру мүмкіндігін де сынға алды. Оның пікірінше, мұндай механизм қарыз алушыға уақытша жеңілдік бергенімен, кейінгі қаржылық жүктемені арттырады. 

«Бұл – өте нашар механизм. Өйткені ол адамға 10 күн бойы "ешкімге қарыз емессің" деген жалған иллюзия береді. Бірақ бәрібір сол 10 күннен кейін төлемді, қосымша жүктемемен қоса өтеу керек болады», – деп ескертті қаржы маманы.

Әуелбекова қарыздан құтылу үшін қосымша табыс көздерін іздеуге шақырды. Оның сөзінше, цифрлық технологиялардың дамуы Қазақстанда отырып-ақ шетелдік компаниялар мен клиенттерге қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.

Қазір оқып жатыр

12 адам қаза тапқан «Центр плова Loft» ісі бойынша үш адамға үкім шықты

жарылыс

Қырғызстан билігі қазақ журналисінің стадион құны туралы мәліметіне жауап берді

Бішкек Арена

Қытайға кіру ережелері өзгереді: FlyArystan жолаушыларға үндеу жасады

Әуежай

«Байсат» базарын ERG бас директорының компаниясы сатып алғаны мәлім болды

Байсат