9 Шілде 15:33
...

«Әртіс те жұмыр басты пенде...» – Кредит алмайтын әнші бар ма?

Кредит
Фото: depositphotos.com

Бұл күнде банкке берешегі жоқ адамды кездестіру некен-саяқ. Бірі үй-жай мен көлік алса, енді бірі өзге қажеттіліктеріне несие арқылы қол жеткізеді.  Осы ретте әншілерді көпшілік «тойдан пайда табады, қарызы жоқ болар» деп ойлайтыны бар. Шынымен солай ма? Біз оны өнер иелерінің өздерінен сұрап көрдік. Бір қызығы, біз сұрау салған әншілердің бәрінің басында кредиті бар болып шықты.

Ақбота КЕРІМБЕКОВА: 

Қарыз төлейтін қазақтардың қатарында мен де бармын

К
instagram.com/botakerim

– Әрине, несие төлейтін қазақтардың қатарында мен де бармын. Керек кезде кредит аламын. Себебі, барлық әншінің әлеуеті бірдей емес қой. Сондықтан әріптестерімнің жағалай жағдайы керемет деп айта алмаймын.

Біздің елде шоу-бизнестің жай-күйі керемет деуге келмейді. Оның үстіне халық саны да аз. 20 миллион халықтың бәрі бізді тыңдамайды ғой. Әркімнің өзіндік тыңдарманы бар. Бір жағынан қазір екінің бірі әнші болып кетті. Бұл кәсби мамандарға кедергі келтірмейді деп айта алмаймыз.

Екіншіден, әншілер тойдан қомақты табыс табады деген – қате ұғым. Мысалы, айына жиырма тойда өнер көрсетсем, оның жартысы ағайын-туыс, дос-жаран мен құда-жегжаттың қуанышы. Олардан қалай ақша алмамыз? Керісінше, өзіміз той-анасын алып барып, шығындаламыз.

Самат ЖАНҒАЗИН: 

Үйді ипотекаға, көлікті несиеге алдым

Ж
С.Жанғазинның фейсбук парақшасынан

– Жасыратыны жоқ, мен де кредит төлеймін. Үйді ипотекаға, көлікті кредитке алдым. Айына 500-600 мың теңге арасында кредит төлеп жүрмін. Әйтеуір біреуге берешек болғанша, шетінен жайлап төлей бергенім жөн болар деп, проценті жоғары болса да, еріксіз банкке жүгінеміз.

Бізге қаржылық сауаттылықты арттыру керек, сонда ақшаны орынды жұмсауды білетін боламыз. Өзім кіріс пен шығысты қойын дәптеріме жазып, екшелеп жүруге ден қоя бастадым.

Ал әншілер тойдан жақсы табады дегенге келер болсақ, табыс бала-шағаның қажеті мен банктің несиесінен артылмайды. Мысалы, шетелде алатын жалақы күнделікті күнкөріс қамын күйттеуге жетеді, ал банктер беретін несиенің пайыздық мөлшері де аз. Бізде де осындай жүйе жолға қойлып, қазақ кредиттің қамытынан босаса екен деген тілегім бар.

Қазыбек ӘДІКЕЙ: 

Болашақ бұлыңғыр ма дейсің...

Ә
agugai.kz

– Қымбатшылық пен теңгенің құлдырауы бәрімізді кредит алуға мәжбүрлеп жатыр ғой. Бізді қойып, бизнесмендердің өзі «тиын санай» бастады. Бұған қарап, болашақ та бұлыңғыр ма дейсің.

Өз басым заттай болмаса, ақшалай несие алмауға тырысамын. Алда экономикалық жағдайдың қалай болатынын ешкім дөп басып айта алмайды. Арасында қалжыңдап «басқаны қатырмасақ та тойды қатырып жатырмыз» деп қоямыз. Кредит алса да, бәсекемен той жасаған халық.

Бір өкініштісі, күні кеше елден көңілім құлазып қайтты, ауылдағы ағайындар ауызбіршілік пен бірліктен ажырап бара жатқан сияқты. Бұған қарыз-қауғадан өзге электрониканың қарқынды дамып жатқаны кесірін тигізіп жатыр ма деп ойлаймын.

Нұрлан АЛБАН: 

Қазір ешкімде жағдай мәз емес

Албан
Youtube/Ulysmedia

– Несием бар, төлеп келе жатырмын. Қазір ешкімде жағдай мәз емес қой. Әртіс деген де жұмыр басты пенде, өзге жұрттан ерекшелігі өнері ғана шығар. Әйтпесе біз де ел қатарлы күн көріп жүрген жандармыз.