Тойдағы тілек қандай болуы керек? Этнограф дәстүрдің мәнін түсіндірді
Жақында Түркістан облысында өткен тойлардың бірінде түсірілген видео әлеуметтік желілерде үлкен дау тудырды.
Астана, NEGE. Видеода сөз алған ер азамат дәстүрлі ақ тілек айтудың орнына, ортаны уағыз айтатын мінберге айналдырып, әйелдерді «ұрғашы» деп атап, тойдағы музыканы «харам» деп кесті. Желіде желдей ескен бұл бейнежазбаға қатысты пікір көп. Біреулер мұны «шариғат талабы» деп ақтауға тырысса, басым көпшілігі зайырлы елдегі мұндай әрекетті «ұлттық мәдениетке, әйел затына жасалған құрметсіздік» деп бағалады.
Ел ішіндегі осы бір екіұдай пікірге нүкте қойып, бата мен уағыздың аражігін ажырату үшін белгілі этнограф Байахмет Жұмабайұлымен сөйлестік.
Байахмет Жұмабайұлы, adebiportal.kz
«Аузыма қаратам деп шешенсіну – надандық»
Этнограф Байахмет Жұмабайұлы тойдағы ер азаматтың сөзін шынайы дін адамының сипатына да, қазақы ақсақалдық мәдениетке де жатпайды деп бағалады. Мұндай оқиғалардың түп-тамырында білімсіздік пен даңғойлық жатыр.
«Діни көзқарасын ортаға салған адам – дін өкілі емес. Шариғаттан толық хабардар адам ортада олай сөйлемес еді. Бұл – естіп-білгенін қорытпай, өзінің шапшаң мінезін көрсетіп, «білімдарлығыммен аузыма қаратам» деген озбырлық пен мақтанның көрінісі»,– дейді этнограф.
Маманның сөзінше, мешіттің өзінде де бет алды сөйлеуге рұқсат жоқ – бәрі тәртіппен айтылады. Ал асыл дініміз бен ұлттық танымымызда қыз баласын құрметтеу парыз есептелген.
«Пайғамбарымыздың өзі ең алдымен «анаңды қадірле», «жұмақ – ананың табанының астында» деген өсиет қалдырған. Ал әйел затын «ұрғашы» деп атау, оларды құрметтемеу, салт-санадан ажырау – барып тұрған надандық»,– дейді этнограф.
«Той мен мешіттің парқын ажырату – сауаттылықтың белгісі»
Этнографтың айтуынша, кез келген тойға жиналатын әлеуметтің саяси санасы, білім деңгейі мен діни көзқарасы әртүрлі. Сондықтан тойдағы мәміле – ортаның мәдениетіне сай жасалуы тиіс.
«Той мен мешіттің парқын ажырату керек. Мысалы, мешітте айтылатын сөз бен тойда айтылатын сөзді парықтай алмау өте күлкілі. Сондықтан, той иелері мен жүргізушілердің білім деңгейі мен тойға деген көзқарасы ортақ негіз болады», – дейді этнограф.
Маманның сөзінше, қазақ дәстүрінде тойда тілек айту адамның болмысына сай жүреді. Ал тілектегі негізгі арқау – мейірім мен қамқорлық.
«Мейірім мен қамқорлықты негіз етіп сөйлейді. Жастарға үлгі болып, бір-біріне мейірімді, әрі жанашыр болуды ақсақалдар, нағашылар мен үлкендер баса айтатын», – дейді этнограф.
Яғни, қазақтың дәстүрлі батасы – біреуге ақыл айту немесе айып тағу емес, ол – жүрекпен жететін көркем сөз өнері, ізгілікке шақыру.
Тойда қалай сөйлеу керек?
Қазақта қыз ұзату, сүндеттеу, бесік той сияқты салт-дәстүрге бай қуаныштардың әрқайсысының өзіне тән сөз саптау табиғаты бар. Этнографтың пікірінше, тойда танымдық немесе ғибратты сөздер айтылса да, олар діни кесімге айналмауы тиіс.
«Той – шариғаттық кесімдер мен үлкен діни уағыздар айтатын орын емес. Тойды сынап, күнә мен сауапты таразылап отыру – тойдың деңгейін түсіріп, той иесін мүсіркеумен бірдей. Тойдың негізгі мақсаты – қуаныш, бақыт пен байлық тілеу, жастарға үмітке толы армандар сыйлау», – дейді Байахмет Жұмабайұлы.
Маманның сөзінше, тарихта байқамай айтқан орынсыз сөз үшін арты үлкен жанжалға айналған оқиғалар болған.
«Ең басты мәселе – ұят пен ар-намыс. Тарихта байқамай айтылған орынсыз сөз үшін (бала сүйе алмай жүрген әйелге тиісу сияқты) арты үлкен жанжалға айналған оқиғалар болған. Сондықтан адамның ар-намысына тиетін, ұятты нәрселерді тойда айтуға қатаң шектеу қойылғаны жөн».
Маман той иелеріне асабаны таңдағанда өресі биік, көп нәрсені түсінетін азаматтарды таңдауға, ал қуанышқа мәдениеті жоғары адамдарды шақыруға кеңес берді. Оның пікірінше, өткенге салауат, келешекке өнеге айтатын қазақтың тойы уағыз жүретін алаңға емес, ақ батамен ажарланатын киелі ошаққа айналуы тиіс.