Төтенше жағдай: Құтқарушылардың қызметіне арналған телехикая көрерменге жол тартады

Төтенше жағдай... Еліміздегі еңбегі ерен мамандық иелері – құтқарушылардың қызметіне арналған тұңғыш телехикая осылай аталады.
«Төтенше жағдай» Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар қызметінің өрт-сөндіруші-құтқарушы мамандарының имиджін көтеріп, абыройын асқақтатуды мақсат тұтқан туынды. Адам жанын өлімнен арашалап, табиғи апатпен бет-бет келіп, өз басын қатерге тігіп жүрген құтқарушылардың еңбегі бұдан да зор құрметке лайық. Десе де, елеусіз қалып жатқан мамандық иелерінің шытырманға толы жұмысының күнделікті өмір салтын қалың көрерменге паш ету басты міндет.
Құтқарушыларға арналған телехикаяның желісі шынайы оқиғаларға негізделген. Түсірілімге елімізге танымал актерлер, Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаменті, Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар Апаттар медицинасы орталығының, Республикалық жедел-құтқару жасағының қызметкерлері қатысқан. Телехикаяның негізгі желісін күнделікті өмірдегі тіршілік қауіпсіздігі негіздеріне бағытталған оқыту элементтері қамтыған. Құтқарушылардың отта да, суда да, тау, таста да, орман алқаптарында да төтенше жағдайлар кезінде әрекет етуі сомдалған. Сонымен...
«Төтенше жағдай» телехикаяның сюжеті қандай?
Беделді кәсіпкер інісінің баласы Асыланның өміріне алаңдаулы. Ал Асыланның өмірге деген көзқарасы, әрекет ету дағдысы басқаша. Көз алдында болып жатқан бұл жағдайға ағасы көз жұма қараудан шаршаған. Ол ойлана келе, тәрбиелеудің өзгеше әдісін табады. Ол інісін Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаментіне жұмысқа орналастыруға шешім қабылдайды. Осылайша Асылан ТЖ департамент қызметінде Төтенше жағдайларды жою басқармасының командасына қосылады.
Ол қосылған команда қаладағы барлық төтенше жағдайлардың бел ортасында жүреді. Ол кезекшілікке түседі, өрт сөндіреді, адамдардың өмірін құтқарады. Елесіз жатқан қызметтің бел ортасында жүріп, көп нәрсеге көзі жете бастайды. Адам өміріне асқан жауапкершілікпен қарауды үйренеді. Құтқарушылардың жұмысы ел ойлағандай оңай емес екендігін өз басынан өткеріп, түсіне бастайды. Тіпті, апатпен бірге арпалысып жүрген ұжыммен шынайы дос болу қажет екенін ұғынады. Шынайы жанкештіліктің түпкі мағынасы ашыла бастайды.
Иә, телехикая желісіне арқау болған төтеншеліктердің жанкештілігін өз басыңнан өткізбей түсіну оңай емес. Бізге көзге көрінбегенмен құтқарушылардың еңбегі ерен. Телехикая құтқарушылар күніне ерекше тарту болды. Телехикаяны көрген көзі қарақты көрермен өз бағасын береді деген үміттеміз.
Биыл табиғи және техногендік сипаттағы Төтенше жағдайлар және елдің азаматтық қорғанысы саласындағы уәкілетті орталық атқарушы орган ретінде Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитеттің құрылғанына – 27 жыл толды. Айтулы датаға орай Қазастан Республикасы Төтенше жағдайлар қызметінде жүрген білікті мамандар арнайы наградалармен марапатталды.
Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев 2023 жылдың қаңтарынан бастап 40 пайызға көбейтуді қолға алып жатқанын мәлімдеген болатын.