Төтенше жағдай қызметінің миссионерлері
Өрт сөндіру қызметінің негізгі миссиясы – өртті сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу екені белгілі. Алайда, оның сыртында талай дайындық пен еңбек жатқанын бірі білсе, бірі білмес.
Барынша тез өрт сөндіру құралдарының қанат жаюын іске асыру, адамдарды құтқару, құндылықтарды қауіпсіз аймаққа шығару, биік ғимараттарда және тағы басқа орындарда, түтінге оранға ортада және жоғары температурада жұмыс жасау, қиын жағдайларда түрлі кедергілерден өту жеке құрамнан тек өз міндетіне деген жоғары жауапкершілікті ғана емес, жақсы денсаулықты, төзімділікті, батырлықты, тез әрекет етуді талап етеді.
Бұл қасиеттердің барлығы Шымкенттік өрт сөндіруші-құтқарушылардың бойында бар. Өйткені олар барлық кезде белсенді, тұрақты түрде өздерінің дағдыларын жетілдіруге және спортпен айналысуға көңіл бөледі, спорт адамның моральдық-жігерлік қасиетін дамытуға көмектеседі.
Nege.kz тілшісі сондай жастармен сұхбаттасып, аталған мамандық жайлы сұрап, біліп қайтты. Олардың алғашқысы – Табиғат Пердалыұлы Сапаков. Табиғат Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінде күн-түн демей тер төгіп, адал еңбек етіп жүрген ең жас мамандардың бірі.

– Табиғат, армысыз! Ең әуелі өзіңіз жайлы айтып өтсеңіз. Қай жердің тумасысыз? Қайда оқыдыңыз?
– Армысыздар! Мен Табиғат Пердалыұлы Сапаков 1994 жылдың 18 маусым күні Шымкент қаласында дүниеге келдім. Қарапайым орта мектепте білім алдым. Құрдастарым секілді жастайымнан әскери адам болуды, отаныма қызмет етуді армандайтынмын. Орта мектепті тәмамдағаннан кейін арман жолында Отан алдындағы борышымды өтеу үшін әскерге аттандым. Өзім оңтүстіктің тумасы болсам да әскери мансабымды Солтүстік Қазақстанда, яғни, Павлодар қаласындағы 5512 әскери бөлімінде абыроймен өтедім. Өмір осылай жалғаса береді екен. Әскерден келіп Жоғары оқу орнына түстім. Бұл жолы «құқықтану» мамандығын таңдап, Шымкент университетінен бакалавр дәрежесін алдым.
– Төтенше жағдайлар қызметіне келуге, жалпы, бұл жолды таңдауыңызға кім ықпал етті? Отбасыңызда, туған-туыс арасында бұл салада еңбек еткен азаматтар болды ма?
– Жоғары оқу орнын тәмамдап диплом алғаннан кейін өрт сөндіру қызметіне қызметке тұрдым. Шынымды айтсам, әке жолын қуған ұлдың бірі менмін. Әкем Пердалы Кенжебекұлы 20 жылға жуық адал қызмет етіп зейнетке шықса, туған ағам Сандыбай Пердалыұлы 2011 жылдан бастап ішкі істер саласында еңбек етіп келеді. Бір сөзбен айтқанда әрі әкемнің, әрі ағамның жолын қуған жанмын десем де болады.
Табиғат жайлы әріптестерінен сұрағанымызда «Әке жолын жалғап, елге қызмет етуді абыройлы міндет деп білетін жас маман қызметке орналасқан күннен бастап-ақ өзінің белсенділігін танытып, төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жолында алдыңғы шептерден көрінуде. Осы үшінде бірнеше рет басшылық тарапынан алғыс хаттарға да ие болды. Елге қызмет етуде өз белсенділігін таныта білетін осындай жастар мемлекетіміздің жарқын болашағы», – деген жылы пікір естідік.
Жас маманға қолдау білдіруден тайынбайтын Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаменті Құтқару қызметінің мамандары Төлепбек Дүйсебекұлы да жақсы пікір білдіріп қалды. «Қайсар жастар – тәуелсіз елдің жарқын болашағы» деген құтқару қызметінің мамандары жас мамандардың көбейгені қуантады дейді.
Жас келсе, іске! Ал өрт сөндіру саласын тек бойында қайсарлық, адам өмірі мен материалдық құндылықтарын құтқаруға деген құштарлық бар жастар ғана таңдайды. Олардың бірі – Төлепбек Дүйсебекұлы Байдаулет.

Шымкент қаласындағы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде өрт сөндіруші қызметін атқаратын Төлепбек Дүйсебекұлы бұл салаға жұмысқа орналасқанына не бәрі 1 жыл болды. Осы уақыт ішінде ол өзінің қайсарлығымен көзге түсе білген.
Атап айтсақ, 2021 жылғы 1 тамызда Шымкент қаласы Қаратау ауданы, Ақжайық шағынауданы, Қоңыраулы көшесінің бойында орналасқа жеке тұрғын үйде өрт шыққандығы туралы хабарлама келіп түсті. Шақыру орнына бөлімнен негізгі 1 бірлік өрт сөндіру автокөлігі жеке құраммен жіберілді. Оқиға орнында үйдің ауласында орналасқан монша мен қора толығымен жанып жатқандығы сондай-ақ, қорада 50 литрлік газ баллонның бар екендігі анықталған. Кез келген сәтте жарылыс болуы мүмкін еді. Азаматтық қорғау кіші сержанты Толепбек Дүйсебекұлы өміріне қауіп төнгендігіне қарамастан қораға кіріп, баллонды қауіпсіз жерге шығарған.
Жас маманның батыл және дұрыс шешімдерінің арқасында газ баллонының жарылысына жол берілмеді. Осылайша Т. Байдаулет жас маман болса да, кәсіби іс-әрекетімен бір отбасының өмірін құтқарды. Танытқан қайсарлығы үшін ҚР ТЖМ «Құтқару операцияларына белсенді қатысқаны үшін» төс белгісімен марапатталды. Өз қызметін адал атқарып, басты құндылық-адам өмірін құтқару жолында аянбай еңбек етіп жүрген осындай тәуелсіз елдің батыл да, қайсар жастары елдің жарқын болашағы екеніне осы секілді мысалдар баршылық.