«Төрт жүз» төрімізді былғамайды

Теңгенің биржадағы күнделікті тербелісі тәуелсіз экономистер мен Ұлттық Банк арасындағы желідегі дискуссияның басты тақырыбына айналды.
Қолданбалы экономиканы зерттеу орталығы сарапшылары «қарашада теңгенің долларға шаққандағы орташа бағамы 384-386 болады» дейді және оған макроэкономикалық кеңістіктегі екі құбылысты мысал етеді. Біріншісі – АҚШ-та қарашаның алғашқы күні шыққан еңбек жөніндегі статистика. Ауыл шаруашылығынан тыс секторларда еңбекке тартылған жандар саны қазан айында 128 мың адамға артқан. Бастапқы жоспар 89 мың адам болатын. Екінші фактор – Қытайдың жақсарған макростатистикасы.
Қытайдағы іскерлік белсенділік көрсеткіші қазан айында 51,7 пунктті көрсетіп, «АҚШ-пен арадағы сауда соғысы Қытай экономикасын күйретеді» деген скептиктердің аузына құм құйған. «Осы екі фактор әлемдік экономиканың тежелу тәуекелін азайтты», дейді орталықтың басқарушы директоры Олжас Тілеуов.
Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының соңғы мәлімдемесінде, керісінше, теңгенің бұдан әрі күшеюіне барлық жағдай жасалып отырғаны айтылған. Қауымдастық оның басты себебін Ұлттық Банктің бос ликвидті қаржыны нарықтан алып тастап отыратын тәжірибесімен байланыстырады.
«Бұл жағдайда Ұлттық Банктің қысқа мерзімді қарыз қағаздарын шығарудағы әрекетін атап өту керек. Өткен аптада нарықтан алынған қаржы көлемі 3,4 триллион теңгеден 3,8 триллион теңгеге жетіп, бұл соңғы 3 айдағы ең үлкен көрсеткіш болды. Айналымдағы теңгенің аздығы алыпсатарлықты азайтып, ұлттық валютаның позициясын нығайтуға септігін тигізеді», - делінген мәлімдемеде.
Нарықта артық теңге көбейгенде және бұл ұлттық валюта бағамын құлдыратып, инфляцияны жеделдете бастағанда Ұлттық Банк «залалсыздандыру» операциясын іске қосып жүр. Бұл тәжірибе соңғы 4-5 жылда жиі қолданылады. Сондықтан қазір инфляция баяғыдай теңгенің көптігінен емес, азық-түліктің қымбаттауынан болады. Бұл «дертке» қарсы Ұлттық Банк әзірге дәрілік рецепт таба алмай отыр.
Болжамның да болжамы бар
Жыл басында «төбесінде тесігі бар» біраз қаржыгер «доллар 400 теңгеден асады» деген болжам жасаған. Нақты жағдайға қарасақ, бұл болжамның болмайтын түрі бар.
Ендеше, болжамнан қателескен сарапшылардың рейтингін түзіп жіберу қиын емес. Егекр солай етсек, бірінші орынға Astana Best Consulting Group экономисі Арман Байғановты қою керек. Ол «теңге тек қана АҚШ бюджетінің қабылданбай тұрғандығынан аман отыр, жылдың ортасынан кейін доллар 400 теңгеден асады» деп сенімді түрде айтқан.
Былтыр қыркүйекте баспасөз-маслихатын өткізіп, онда «2019 жылы доллар 400 теңгеден асып жығылады» деген «Альпари» компаниясының сараптама департаменті директоры Александр Разуваевтың еншісі – екінші орын.
Сарапшы Ерлан Ибрагим алдағы екі әріптесі сияқты теңгені сенімді түрде 400-дің шекарасынан асырып жібермесе де, «жетіп қалар-ау» деген біртүрлі болжам айтқан еді. Тіпті ол теңгенің құлдырауын жеделдетіп, 2019 жылдың тамыз-қыркүйек айларында «жетелеп» әкелген.
Былтыр «доллардың шын бағасы 420 теңге» деп асыра сілтеген Денис Кривошеевті бұл рейтингке кіргізбей-ақ қойсақ та өкпелемес...
«Ұлттық Банк теңгені тым құлата қоймайды» деген Олжас Құдайбергенов, Айдархан Құсайынов сынды сарапшылардың аты озып тұр.
Nege.kz порталының экономикалық шолушылар тобы жаңа жылда ұлттық валютаның долларға шаққандағы құны 384-388 теңге дәлізінде болады сенімде. Бұған дәлеліміз бар. Дәлелге жүгінбес бұрын осы айда қор биржасында теңгенің қалай-қалай құбылатынын тағы бір қызықтап алған жөн деп шештік.
Айбар Олжаев