15 Қаңтар 11:27
...

Торт дауы: Астанада тағы бір сот шешімі шықты

Видеодан скриншот/instagram.com/akbergenova__nurshat
Фото: Видеодан скриншот/instagram.com/akbergenova__nurshat

Астанада блогер Аселина Батыр мен кондитер Нұршат Ақбергенова арасындағы 600 мың теңгелік торт дауына қатысты тағы бір сот шешімі шықты.

Астана, NEGE. Соттың хабарлауынша, 6 қаңтарда Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотында азаматша Батырдың азаматша Ақбергеноваға қарсы ар-намысын, қадір-қасиетін және іскерлік беделін қорғау, әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында таратылған ақпаратты шындыққа сәйкес келмейді деп тану, кибербуллингті тоқтату, моральдық зиянның орнын толтыруды өндіру, сондай-ақ авторлық құқықтар мен дербес деректерді қорғау туралы азаматтық іс қаралған.

«Сот араптар арасында іс жүзінде шарттық қатынастар қалыптасқанын анықтады. Жауапкер салтанатты іс-шараға арналған тортты дайындап, талапкерге тапсырған, ал тортты алу және пайдалану фактісі талапкер тарапынан даулауға алынбаған. Торттың түпкілікті құны жөнінде тараптар алдын ала келісім жасамаған.

Туындаған дау нәтижесінде жауапкер әлеуметтік желілерде ақпарат орналастырған. Кейіннен үшінші тұлғалар тарапынан бейнематериалдар жасалып, олар жауапкердің парақшасында қайта жарияланған (репост жасалған)», – делінген хабарламада.

Сот талқылауы барысында бейнематериалдарды үшінші тұлғалар дайындағаны және олардың авторлары солар екені анықталған. Жауапкер даулы бейнематериалдардың авторы болмаған.

Талапкер, яғни Аселина Батыр сот сараптамасын жүргізуден бас тартқан.

«Сараптамалық қорытынды болмаған жағдайда, сот таратылған мәліметтердің ар-намыс пен қадір-қасиетке нұқсан келтіретін-келтірмейтінін, сондай-ақ олардың құқықтық табиғатын анықтау мүмкіндігінен айырылды.

Тауар белгісіне қатысты авторлық құқықтардың бұзылғаны жөніндегі дәлелдер сотпен расталмады, себебі белгіленімдер араласу дәрежесіне дейін ұқсастыққа ие емес. Дербес деректердің бұзылғаны фактісі де талапкер тарапынан дәлелденбеді», – дейді сот өкілдері.

Осы мән-жайларды ескере отырып, талаптарды қанағаттандырудан бас тарту туралы қорытындыға келген.

Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.

Айта кетейік, блогер мен кондитер арасындағы «600 000 теңгелік торт» дауы осы жазда әлеуметтік желіде қызу талқыланды.

Кондитер Нұршат Ақбергенова блогер Аселина Батырдан 18 келі торт үшін қалған 500 мың теңгені төлеуді талап еткен.