Торғай жұрты Президентке өкпелеп қалған жоқ па?

Алайда халықтың көкейінде: «Бұрынғы Торғай облысы НЕГЕ қайта құрылмады?», – деген сұрақ қалды.
Nege.kz тілшісі осы және өзге де сауалдарды Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса мен Берік Дүйсенбиновке қойған еді.
Қазыбек Иса:
Торғай облысын ойлап отырдым...
– Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізде үш бірдей облысты құратыны өте маңызды шешім болды. Алайда Президент бұрынғы Торғай облысының халқын өкпелетіп алған жоқ па?
– Мен де жиында соны ойлап отырдым. Бірінші, екінші, үшінді деп санап отырып, төртінші «Торғай облысын қайта ашу туралы айтса екен» деп едім. Енді ол келесі кезекте атқарылатын шаруа болатын шығар. Болашақта аталған облыста ашылуы тиіс.
Бірақ Президент облыстар туралы айтып жатқанда Торғай облысы туралы да айтатын шығар деп ойладық. Бұл алдағы уақытта шешіледі деп ойлаймын. Өйткені өзгерістер басталды ғой. Жалпы өз басым әкімшілік аумақтық өзгерістердің басталғанына қуанып отырмын.
Мәселен «Семейді қайтадан облыс жасайық» деп талай рет айтқан болатынбыз. Ана жылы «Семей қаласы Абай болу керек» деп жазғанда жұрт қарсы болып, шулаған еді. Ал қазір қала емес, облыстың аты Абай болып құрылып жатыр. Бұл, әрине, қуанышты жаңалық.
Жезқазған қаласы Ұлытау, ал Талдықорған қаласы Жетісу облысының орталығы болды.
Сондай-ақ жаңа Алматы облысының орталығы Қапшағай қаласы болады.
Жеке өз басым президент Қапшағай қаласының атын Қонаевтың атына беріп жатса, қарсы болмас едім. Мен мұны қолдаймын. Бұлардың бәрі үлкен өзгерістің басы деп білемін.
– Жалпы тұлғаның атын қалаға беру қаншалықты дұрыс? Әрине біз Қонаевты құрметтейміз. Бірақ қайраткерді құрметтеудің басқа жолы жоқ па?
– Енді бұл жерде президент «Халықтың қолдауы болса, сондай шешім қабылдаймын» деп отыр. Ол кісі әлі шешім қабылдаған жоқ. «Егер сондай ұсыныс болып жатса, мен қарсы емеспін» деді. Мұны халық шешеді деп отыр ғой.
– Алматы облысының аумағында екі облыс құрудың қажеттілігі бар ма?
– Билік халықтың өсуіне назар аударған секілді. Мысалы Нарынқол мен Талдықорғанның арасы өте ұзақ. Бұл жол Торғай мен Қостанайдан екі есе ұзақ шығар.
Берік Дүйсенбинов:
Қонаевтың атына Қапшағайдан да үлкен қаланы беруге болады
– Бұрынғы Торғай облысы неге назардан тыс қалды?
– Бұл облыстың қайта құрылмауына қаржылық себеп болған шығар. Дегенмен бүгін бұрынғы Семейді – Абай, Жезқазғанды – Ұлытау, Талдықорғанды – Жетісу облысы етіп қайта құруға Президенттің тапсырма бергені – үлкен жеңіс. Өйткені бір ай бұрын ғана қаңтардағы оқиғадан соң ұсталған азаматтардың мәселесі бойынша Семей қаласында болғанмын. Сол кезде елдің аузында «Бөлек облыс болып шықсақ екен» деген әңгіме жиі айтылды.
– Алдағы уақытта Торғай жеке облыс болуы мүмкін бе?
– Менің ойымша, болашақта бұрынғы Торғай облысын құруға қол жеткізетін шығармыз. Әуелі осы шаруаны бітіріп алайық. Ақырындап осыған келе жатырмыз ғой.
– Президент болашақ Алматы облысының орталығы Қапшағай қаласына Қонаев атын беру туралы ұсыныс айтты. Бұған көзқарасыңыз қалай?
– Мен Қонаев бабамыздың атын қалаға беруге еңбегі сіңген шығар деп ойлаймын.
Бірақ өз басым Қапшағай емес, тіпті одан үлкен қаланың атын Қонаев атамызға беруге келісемін. Бұл мәселе тұлғаның деңгейіне байланысты.