«Торғай тұқымдас» ТОҒЖАНОВ
Бүгін Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов Орталық коммуникациялар қызметінде брифинг өткізді. «Брифинг өткізді» деген аты ғана болмаса, әкім әбден бұлталақтады.
Тоғжанов алдымен жарты сағатқа жуық есебін оқыды. Әкімнің есебін тыңдасаңыз, «Ақтөбе облысы өзге өңірлерден оза шауып келе жатыр екен» деп қалар едіңіз. Ал әлі шешімін таппаған экономикалық, әлеуметтік мәселелер қайда қалды? Жол, ауыз су, экология, үлескерлер мәселесін кім шешеді?
Фото: әлеуметтік желіден
Журналистердің бірі Е.Тоғжановтың туған күнін қалай тойлағанын сұраған. Өйткені 13 мамыр күні әкім 60-қа толғанда әкімдіктің қызметкерлері тайлы-тұяғымен Ақтөбедегі ең қымбат мейрамханада туған күн тойлапты. Тоғжановтың туған күнін. Бір қызығы, әкімдіктегі бастықтар тойға қызметтік көліктерімен барған.
Бұл сұраққа жауап бермес бұрын Тоғжанов терең күрсінді. Содан кейін туған күнін тойламағанын, ол күні алыс ауданға сапар шеккенін, қызметтік көлікпен мейрамханаға барғандарды тексеруге пәрмен бергенін айтып ақталды.
Туған күнімен құттықтап келген орынбасарлары мен департамент басшыларын Тоғжановтың қалай жазалайтынын да көрейік, бәлкім, солардың бірі бастығын құттықтаймын деп қалай «таяқ жегенін» баяндап берер.
Фото: ОКҚ
Орталық коммуникациялар қызметі Тоғжановты журналистерден қорғау міндетін мойнына алған сияқты. Туған күнге қатысты мәселеден соң біздің екі сұрақты да алып тастады. Орталық коммуникациялар қызметінің басшылығына бұрынғы әріптесіміз Асқар ОМАРОВ келгенге дейін мұндай жағдай болған емес. Егер журналистерге көкейдегі сұрақтарын қоюға мүмкіндік бермесе, тілшілерді қақпайлап отырса, мұндай қызметтің қажеті не?
NEGE порталы Ақтөбе облысындағы күрделі мәселелерді қорыта келе, әкім Е.Тоғжановқа төмендегідей екі сұрақ жолдаған:
1. ERG компаниясының иесі, миллиардер Александр Машкевич биыл қыста Ақтөбеге барғанда неге сіздің желкеңізден қысып, бала құсатып сілкілеп жүрді? Бұған намыстанған жоқсыз ба? Әлде Машкевич жақын досыңыз ба?
2. Хромтау қаласындағы Дөң кен байыту комбинаты мен Ақтөбе ферроқорытпа зауыты ERG компаниясының меншігінде екені белгілі. Табысы аса мол бұл компаниялардың облыстың экономикалық-әлеуметтік салаларына қосып жатқан үлесі көп емес. Егер көп болса, жіліктеп айтуыңызға болады. Жалпы бұл өндіріс орындарын мемлекеттің меншігіне қайтару жоспарда бар ма?
Миллиардер А.Машкевич Ақтөбеге барған сапарында облыс әкімі Ералы Тоғжановтың желкесінен ұстап алып сілкілегенін жұрттың бәрі көрді. Бұған Тоғжановтың өзі намыстанбағанымен, оны көрген жұрт намыстанды. Сонда Машкевич Тоғжановты кім деп санайды? «Щегол» көре ме?
Машкевич өзін Ақтөбенің ғана емес, бүкіл Қазақстанның қожасымын деп есептейтін сияқты. Әйтпесе, президенттің Ақтөбе облысындағы өкілін жұрттың көзінше желкесінен ұстап, қолбаласы сияқты сілкілер ме еді?
Жалпы, облыс әкімдерінің ішінде «қиып түсер қырғиы» да, «бейбітшілік сүйгіш көгершіні» де, «түрі әдемі торғайы» да бар.
Тоғжановты кейбіреулер «қырғи» санап жүр. Бірақ, біздің білуімізше, Тоғжанов – «торғай тұқымдас». Бүгін берген брифингінде мұны өзі дәлелдеп берді.
Щегол. Фото: ғаламтордан.
Айтпақшы, «Щегол» деген ешқандай да боқтық сөз емес. Щегол – дауысы мен түр-түсі ерекше әдемі, торғай тұқымдас сайрауық құс...