Қазақстанда тонау және есірткі саудасымен айналысқан 22 қылмыстық топтың мүшелері ұсталды
Ішкі істер министрлігі жыл басынан бері діни-экстремистік идеяларды жамылған 22 қылмыстық топ анықталып, олардың құрамында болған 64 адам ұсталғанын хабарлады.
Астана, NEGE. Ведомство ақпаратынша, мұндай топтар Алматы қаласында, Ақтөбе, Атырау, Жамбыл, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарында әрекет еткен. Олар бопсалаумен, алаяқтықпен, тонаумен және есірткі өткізумен айналысқан. Қылмыс жасау үшін атыс қаруын сақтаған.
Мәселен, Алматыда радикалды діни идеяларды ұстанған төрт адам қала тұрғынынан 7,5 млн теңге ұрлаған. Кінәлілер сот үкімімен 5 жылдан 6 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылды.
Ал Петропавлда радикалды діни идеологияны ұстанушы әйел жасаған алаяқтықтың төрт эпизоды ашылды. Келтірілген залалдың жалпы сомасы 2 млн теңгеден асты. Әйел 3 жылға бас бостандығынан айырылды.
Павлодарда радикалды діни көзқарастағы жергілікті тұрғын алаяқтықтың 17 эпизодын жасаған. Келтірілген залал 8 млн теңгеден асқан. Сот оған 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
«Жалпы, ішкі істер органдары діни экстремизм идеяларын ұстанушылар жасаған пайдакүнемдік-зорлық сипатындағы 155 қылмыстың бетін ашты. Заңсыз айналымнан 114 атыс қаруы, 3 суық қару, 7 граната, 1600-ден астам оқ-дәрі және 32 келіден астам есірткі тәркіленді», – делінген ІІМ хабарламасында.
Сонымен қатар экстремистік және террористік қылмыстарды, оның ішінде интернетте радикалды идеологияны таратумен байланысты қылмыстар ашылды. Атап айтқанда, Ақтөбеде қала тұрғыны әлеуметтік желілерде өзге дін өкілдерін қорлау арқылы діни араздықты жария түрде қоздырған. Ол 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.
Ақтөбедегі тағы бір жағдайда зорлық-зомбылық акцияларын жоспарлаған радикалды көзқарастағы жас жігіт ұсталды. Терроризмді насихаттағаны үшін сот оған 6 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Түркістан облысында радикалды діни идеологияны ұстанушы азамат ұсталды. Ол интернетте халықаралық террористік ұйым – «Өзбекстан ислам қозғалысының» идеяларын белсенді түрде таратқан. Ол 7 жылға бас бостандығынан айырылды.
ІІМ өкілдері діни сенімдер қылмысты, зорлық-зомбылықты және араздықты қоздыруды ақтауға негіз болмайтынын ескертеді.