«2030 жылға дейін қамауда болуы керек еді»: Тәтішевтер отбасы Тоқмәдидің мерзімінен бұрын босап шығуына наразы
2004 жылы 19 желтоқсанда адам қолынан қаза тапқан банкир Ержан Тәтішевтің отбасы оны өлтіргенін ашық мойындап, 10 жылдан астам уақытқа сотталған Мұратхан Тоқмәдидің мерзімінен бұрын босап шығуына қатысты ресми мәлімдеме жасады.
Тәтішевтер отбасының мәлімдеуінше, онсыз да жеңіл жазамен сотталған М.Тоқмәдиді шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтінішті қанағаттандыру туралы 2024 жылғы 26 шілдедегі Қонаев қалалық сотының шешімі туралы ешкім хабардар етпеген. Олар мұны еліміздің ақпарат құралдары арқылы ғана білгенін айтады.
«Заңға сәйкес әрі қолданыстағы тәжірибе бойынша сотталғанның өтінішін қарау үшін жәбірленуші тарап хабардар болуы және сотқа шақырылуы тиіс. Тіпті, бізге шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы материалды соттың қарағандығы туралы хабардар етілмеді, сот отырысына шақырмады, сотталған адамды мерзімінен бұрын босатуға қатысты пікір айту мүмкіндігінен айырды.
Біздің отбасы Қонаев қаласы сотының 2024 жылғы 26 шілдедегі қаулысы бойынша Ержан Тәтішевті өлтіргені үшін сотталған М.Тоқмәдидің шартты түрде мерзімінен бұрын босатылуына байланысты өтінішті қанағаттандырғанын БАҚ-тан оқып, таң қалдық. Біз Ержанды өлтіргендердің бостандыққа шығуы мүмкін екенін білген жоқпыз», – деп жазылған Тәтішевтер отбасының мәлімдемесінде.
Тәтішевтер отбасы онсыз да жеңіл жазамен құтылған Мұратхан Тоқмәдидің ерте босап шығуына жол беруге болмайды дейді.
«Жәбірленуші тараптың отбасы өкілдерін, сотталған адамның өтінішін қарауы туралы соттың қандай себеппен хабардар етпегені түсініксіз. Бұл шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы теріс пікірді болдырмау мақсатында әдейі жасалған деген ойымыз бар. Қазір отбасымыздың адвокаттары М.Тоқмәдиді шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы шешім шын мәнінде қабылданды ма, жоқ па, мұндай шешімді қандай негізге сүйеніп шығарғанын және біздің отбасы өкілдеріне сот отырысы туралы неге тиісті түрде хабарланбағанын анықтап жатыр. Біз сотталған М.Тоқмәдиді шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы сот қаулысымен мүлдем келіспейміз, сонымен қатар бірінші сатыдағы сот қаулысын заңсыз деп танып, ол қаулы жойылуы тиіс деп санаймыз», – делінген мәлімдемеде.
Яғни, Тәтішев отбасының пайымынша, Тоқмәдиге тағайындалған жаза онсыз да жеңіл болды. «Ол заңсыз қару-жарақ сақтап, түрмеден қашуға тырысқан, ауыр қылмыс жасаған адам. Сот процесі кезінде прокурорлар бастапқыда 12 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған. Қолданыстағы үкімге сәйкес, Тоқмәди 2030 жылға дейін қамауда болуы керек еді.
Біз түзеу мекемесінің әкімшілігіне, прокуратураға және сотқа Тоқмәдиді шартты түрде мерзімінен бұрын босап шығу туралы мәселені мұқият зерделеуді және оның жасаған қылмыстарының ауырлығын және олардың салдарын ескере отырып, оны қанағаттандырудан бас тартуын сұраймыз. Біздің отбасымыз 14 жыл бойы тергеу жүргізіп, кісі өлтірушіге әділ жаза беруді сұрады. БАҚ-тың хабарлауынша, қылмыскер Тоқмәди 10 тамызда бостандыққа шыққан болуы мүмкін. Жаза небәрі 7 жылға созылды. Сонда адам өмірінің құны 7 жыл болғаны ма? Біреудің зұлым жоспары, қатыгез ниеті талантты кәсіпкердің, патриоттың, жетекші банк басшысының өмірін қиды. Балалар әкесіз қалды, анасы әлі күнге дейін ұлын жоқтайды», – деп жазылған мәлімдемеде.