USD
USD
USD

Тоқаев–Трамп диалогы: Қазақстан үшін қандай жаңа мүмкіндіктер ашылады?

Қазақстан мен АҚШ арасындағы саяси және экономикалық байланыстар жаңа кезеңге аяқ басты. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Дональд Трамптың телефон арқылы сөйлесуі екіжақты диалогтың жанданғанын аңғартып, стратегиялық әріптестіктің жаңа мүмкіндіктерін айқындады. Сарапшылардың пікірінше, қазіргі геосаяси жағдайда Қазақстан АҚШ-тың Орталық Азиядағы маңызды серіктестерінің біріне айналып келеді.

Айсұлу Рахмет
Фото: Айсұлу Рахметтің жеке архивінен

Саясаттанушы Айсұлу Рахметтің айтуынша, жоғары деңгейдегі тікелей байланыстардың жиілеуі, стратегиялық маңызы бар пайдалы қазбалар, көлік-логистика, энергетика және жоғары технологиялар салаларындағы ынтымақтастықтың кеңеюі Қазақстанның халықаралық рөлін күшейтіп отыр. Оның пікірінше, ядролық қауіпсіздік саласындағы еліміздің дәйекті ұстанымы мен өзара сенім деңгейі де Қазақстан мен АҚШ арасындағы ұзақ мерзімді әріптестікті нығайтуға ықпал етеді.

– Қасым-Жомарт Тоқаев пен Дональд Трамптың телефон арқылы сөйлесуі Қазақстанның Ақ үй, АҚШ Конгресі және америкалық бизнес өкілдерімен өткен бірқатар кездесулерінен кейін жүзеге асты. Президенттер деңгейіндегі тікелей диалогқа көшудің мәні неде? Бүгінде Қазақстан АҚШ-тың Орталық Азияға қатысты сыртқы саяси стратегиясында қандай орынға ие?

– Қасым-Жомарт Тоқаев пен Дональд Трамптың телефон арқылы сөйлесуі, сөзсіз, Қазақстанның сыртқы саясатындағы айрықша оқиғалардың бірі. Себебі ұзақ жылдар бойы әлемдегі жетекші экономикалардың Қазақстанға назар аударуы салыстырмалы түрде шектеулі болды. Бүгінде бұл жағдай өзгеріп келеді және бұл, ең алдымен, қазақстандық дипломатияның жүйелі әрі белсенді жұмысының нәтижесі.

Соңғы айларда Ақ үймен, АҚШ Конгресімен және америкалық бизнеспен бірқатар маңызды байланыстар орнағанын байқадық. Атап айтқанда, стратегиялық маңызы бар пайдалы қазбалар саласында елеулі келісімдерге қол жеткізілді. Соның ішінде Солтүстік Қатпар және Жоғарғы Қайрақты кен орындарын игеру бағытындағы уағдаластықтарды ерекше атауға болады. Бұл Қазақстанның АҚШ-тың Орталық Азияға қатысты стратегиясында барған сайын маңызды орын ала бастағанын көрсетеді.

Сонымен қатар биыл Майами қаласында өтетін G20 саммитіне Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Дональд Трамптың жеке шақыруымен қатысуы – маңызды саяси белгі әрі Қазақстанның халықаралық беделінің артып келе жатқанын аңғартады.

Жалпы, 2022 жылдан кейін Батыс елдерінің Орталық Азияға деген қызығушылығы айтарлықтай күшейді. Осындай жағдайда Қазақстан бұл мүмкіндіктер терезесін ел экономикасын дамыту және ұлттық мүдделерді ілгерілету жолында барынша тиімді пайдалануы қажет.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ-тың «парасатты саясат» (common sense) қағидаты мен Қазақстандағы «Заң мен тәртіп» қағидатына негізделген Әділетті Қазақстанды құру стратегиясының үндес екенін атап өтті. Осы саяси ұстанымдардың жақындығы Қазақстан мен АҚШ арасындағы ұзақ мерзімді стратегиялық әріптестіктің нығаюына берік негіз бола ала ма?

– Менің ойымша, мұндай мүмкіндік шынымен де бар. Бүгінде Дональд Трамп стратегиялық маңызы бар пайдалы қазбалар мәселесіне ерекше көңіл бөліп, олардың импорт көздерін әртараптандыру міндетін қойып отыр. Бұл әлемдік нарықтың басым бөлігін Қытайдың бақылап отырғанымен байланысты. Ал Вашингтон Қытайды өзінің негізгі стратегиялық бәсекелесі ретінде қарастырады. Осындай жағдайда Қазақстан АҚШ үшін аса қызықты әрі перспективалы серіктестердің біріне айналып келеді.

Қазақстан вольфрам, литий, сирек кездесетін жер металдары және басқа да стратегиялық ресурстардың мол қорына ие. Бұл шикізат жоғары технологиялар, энергетика және қорғаныс өнеркәсібі үшін аса қажет.

Алайда мұнда тағы бір маңызды мәселе бар. Қазақстан өңделмеген шикізатты ғана экспорттауға мүдделі емес. Мәселен, Жоғарғы Қайрақты кен орнына қатысты жоба ел аумағында қайта өңдеу өндірістерін құруды көздейді.

Яғни өндірістік тізбектің елеулі бөлігі Қазақстанда қалуы тиіс. Бұл жаңа жұмыс орындарын ашуға, бюджетке түсетін салық көлемін арттыруға, жаңа технологияларды енгізуге және отандық мамандардың кәсіби әлеуетін дамытуға мүмкіндік береді.

Сондықтан бұл бағытта АҚШ пен Қазақстанның мүдделері өзара үйлесуі әбден мүмкін. АҚШ-қа стратегиялық ресурстардың сенімді жеткізушілері қажет болса, Қазақстанға инвестиция, заманауи технологиялар және өнеркәсіптік өндірісті дамыту маңызды.

– Әңгіме барысында Қасым-Жомарт Тоқаевтың Вашингтонға жасаған сапары кезінде қол жеткізілген келісімдердің жүзеге асырылу қарқыны жоғары екені айтылды. Экономикалық ынтымақтастықтың қай бағыттары алдағы кезеңде негізгі өсім нүктелеріне айналуы мүмкін? Сондай-ақ екі ел президенттерінің бұл мәселеге жеке назар аударуы келісімдердің нақты жобаларға жедел айналуына қаншалықты ықпал етеді?

– Мен бұл бағытта үш негізгі басымдықты атар едім.

Біріншісі – стратегиялық маңызы бар пайдалы қазбалар. XXI ғасырда оларды «жаңа мұнай» деп атауға болады. Егер 1990-жылдары және 2000-жылдардың басында Қазақстан мен АҚШ арасындағы ынтымақтастық негізінен мұнай-газ жобалары төңірегінде өрбісе, алдағы онжылдықтарда бұл рөлді вольфрам, литий, сирек жер металдары және басқа да стратегиялық ресурстар атқаруы мүмкін.

Екінші бағыт – мұнай-газ саласы. Америкалық компаниялар ұзақ жылдар бойы Қазақстан экономикасындағы ең ірі инвесторлардың қатарында келеді. Сонымен бірге Астана ынтымақтастықтың жекелеген шарттарын Қазақстанның үлесін ұлғайту және жергілікті қамту деңгейін арттыру тұрғысынан қайта қарауға мүдделі.

Үшінші бағыт – көлік және логистика. Қазақстан Орталық Азия мен Қытайды Еуропамен байланыстыратын Орта дәліздің негізгі буыны болып табылады. Қазіргі таңда теңіз бағыттарындағы тұрақсыздық жағдайында Еуразия арқылы өтетін құрлық дәліздерінің стратегиялық маңызы арта түсуде. Осыған байланысты АҚШ та аталған инфрақұрылымды дамытуға қызығушылық танытып отыр.

Сонымен қатар жоғары технологиялар, IT саласы және жасанды интеллект бағытындағы ынтымақтастықты да назардан тыс қалдыруға болмайды. Бүгінде америкалық компаниялардың Қазақстанға деген қызығушылығы артып келе жатқанын көріп отырмыз. Сондықтан бұл сала да екі ел арасындағы әріптестіктің маңызды бағыттарының біріне айналуы әбден мүмкін.

– Қазақстан ядролық қаруды таратпау режиміне, МАГАТЭ-мен ынтымақтастыққа және халықаралық бақылау тетіктерін нығайтуға бейіл екенін тағы бір мәрте растады. Бұл ұстаным Қазақстанның АҚШ үшін жауапты әрі сенімді серіктес ретіндегі рөлін қалай күшейтеді? Ал Дональд Трамптың Астанаға ықтимал сапары екіжақты қарым-қатынастың дамуына қандай жаңа серпін беруі мүмкін?

– Қазақстанның ядролық қаруды таратпау саласындағы халықаралық беделі ерекше. Семей ядролық сынақ полигоны қазақ жері үшін үлкен қасіретке айналды. Сондықтан еліміз ядролық қауіпсіздік режимін нығайтуды дәйекті түрде қолдап келеді.

Сонымен қатар Қазақстан уран өндіру көлемі жағынан әлемдегі жетекші мемлекеттердің бірі саналады және өзінің атом энергетикасын дамыту бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр. Бүгінде елімізде алғашқы атом электр станциясының құрылысы басталды. Сонымен бірге тағы екі АЭС салу мүмкіндігі қарастырылуда.

Осы тұрғыдан алғанда, АҚШ-пен ынтымақтастықтың маңызы зор. Себебі Америка атом энергетикасы саласындағы әлемдік технологиялық көшбасшылардың бірі. Бұған қоса, Қазақстан мен АҚШ арасында ядролық қауіпсіздік мәселелері бойынша өзара сенімнің жоғары деңгейі қалыптасқан.

Иран төңірегіндегі геосаяси шиеленіс жағдайында Вашингтон Қазақстанды жауапты әрі сенімді серіктес ретінде қабылдайды.

Сондықтан Дональд Трамптың Астанаға ықтимал сапары екіжақты қарым-қатынасқа жаңа серпін беруі мүмкін. Бұл қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты ғана емес, инвестициялар, энергетика және жоғары технологиялар бағытындағы әріптестікті де жаңа деңгейге көтеруге ықпал етер еді.

Қазақстан үшін мұндай сапар еліміздің халықаралық аренадағы рөлінің артып келе жатқанын және әлемдік саясаттағы маңызының күшейгенін айғақтайтын тағы бір маңызды белгі болар еді.

Қазір оқып жатыр

Тарихи триумф: қазақстандық оқушылар халықаралық физика олимпиадасында бес алтын иеленді

халықаралық білім додасы

Тапанша, гранатаатқыштар мен пулеметтер: Қазақстанда қаруды заңсыз өткізудің 52 арнасы жойылды

заңсыз қару өткізу

ҰҚК соңғы төрт жылда 10 террорлық әрекетті тоқтатқан

террорлық әрекет

Үкімет резервінен Астанаға 16 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді: қаражат қайда жұмсалады?

Астана