2 Қазан 08:36
...

«ТОҚАЕВТЫҢ Назарбаев сияқты 30 жыл уақыты жоқ» – Сарапшылар пікірі

Фото:

Бұған дейін «алдымен экономика – саясат содан кейін» деп келдік. Ал қазір ше? Саясат алдыға шығуы керек пе? Әлде қатар алып жүрген дұрыс па? Сарапшылардың пікірі қандай?

«Ресей Қазақстанды да өзімен бірге тұңғиыққа батырады»

Экономист Мұрат ҚАСТАЕВ экономикалық реформаларды бірнеше жыл бұрын бастау керек еді деген пікірде.

Дегенмен, әлі де кеш емес. Бірақ экономикалық реформалар саяси реформасыз жүзеге аспайды. Шенеуніктер президентке жағымпазданып, Тоқаевты екінші Назарбаев қылып жіберуі әбден мүмкін. Ал оған халықтың жағдайы да, тарихи мүмкіндік те жоқ, – дейді экономист.

Сарапшының пікірінше, Қазақстанның қазіргі геосаяси жағдайы шұғыл экономикалық реформалар жасауға түртркі бола алады.

Президент Қ.Тоқаевтың Н.Назарбаев сияқты 30 жыл уақыты жоқ. Қазақстанның экономикасы Ресейге тым тәуелді. Ресей саяси тұрғыдан да, экономика жағынан да әлеуетін жоғалтып бара жатыр. Ол Қазақстанды да өзімен бірге тұңғиыққа батыра алады.

Сол себепті елімізге тез арада реформалар жүргізіп, мұнай экспортының Ресейден тыс бағыттарын тез дамытып, экономиканы әртараптандырып, халықтың жағдайын жақсарту керек. Себебі еліміздің халық саны өсіп келе жатыр, ал соңғы 2 жылдағы жоғары инфляция себебінен барлық тауарлар мен қызметтер қымбаттап кетті, халықтың өмір сүру деңгейі күрт төмендеді. Бұл экономикалық мәселе болғанымен, еліміздегі әлеуметтік және ішкі саяси тұрақтылықтың факторы, – дейді Мұрат Қастаев.

Фото: ғаламтордан

«Реформаларды қай саладан бастау керек?» деген сұрағымызға сарапшы-экономист Мұрат Қастаев таңдау мүмкіндігі жоқ деп кесіп айтты.

– Қай саланы алсақ та, экономика болсын, саясат болсын, инфрақұрылым, денсаулық сақтау, білім беру, қорғаныс, ауыл шаруашылығы – оңып тұрған бір сала жоқ. Барлық жерде реформа жүргізу керек. Оның бәрі бір адамның қолынан келмейді және бір адам оны қадағалай алмайды.

Ресей, Қытай, Еуропа Одағы мен АҚШ, көрші Орталық Азия елдерімен және түркі тілдес бауыр елдермен, ислам әлемімен – бәрімен жақсы қарым-қатынастамыз. Бұрын өзіне байлап алып, айтқанымен жүргізген Ресей де әлсіреп бара жатыр. Ресей үлкен қауіп болғанымен, оның әлсіреуі Қазақстан үшін тарихи мүмкіндік, бұрынғы метрополияның ықпалынан толық шығып, шынайы дербес мемлекет құруға жол ашылып келе жатыр. Орталық Азия көрші елдерімен жақындасып, Түркиямен бауырласып, ол арқылы Еуропа нарығы ашылады. Қасымызда Қытай бар, яғни экономиканы дамытуға мүмкіндіктер көп, оларды тек толық пайдалана алу керек, – дейді сарапшы.

«Экономиканы адам ресурстарына қарата бағыттаған дұрыс»

Саясаттанушы Досым СӘТПАЕВ та реформа экономика мен саясатта параллель жүруі тиіс екенін айтады.

Біріншіден, біздің экономика әлі де түрлі қаржылық-өндірістік топтар арасында бөлшектеніп жүр. Соны ретке келтіру қажет.

Екіншіден, шенеуніктердің экономикаға қатысын шектеу керек. Шенеуніктердің қатысы бар экономикада әрқашан жемқорлық пен тендер бизнесі бірге жүреді.

Үшіншіден, шикізат өндірісін өзгерту керек. Яғни, біз мұнай мен газды сорып отыра берсек, мемлекет сауда-экономикалық даму тұрғысынан алға жылжымайды. Содан кейін, экономиканы адам ресурстарына қарата бағыттаған дұрыс. Өкінішке қарай, Қазақстанда адам капиталының деңгейі, оның ішінде білім-ғылым, мәдениет те құлдырап барады. Ал ақылды, талантты жастар елден кетіп жатыр. Осылай көп мүмкіндікті жоғалтып жатырмыз.

Мен экономика дегенде инновация тұрғысынан айтып отырмын. Себебі әлемде инновациялық революция мықты жүріп жатыр, ал біз әлі шикізат есебінен күн көріп отырмыз.

Сосын, әрине, жемқорлық туралы да айту керек. Жақында ғана Қазақстан «экономикалық еркіндік» рейтингінде жеті сатыға төмен түсті. Ол рейтингті «The Wall Street Journal» басылымы мен «Heritage Foundation» жасап отырады. Осы рейтингте Қазақстан қандай позициялар бойынша ең аз балл жинағанын білесіз бе? Ол сот жүйесі тиімділігінің төмендігі және коррупцияның белең алуы, – дейді Досым Сәтпаев.

«Мұнайдың дәуірі ұзаққа бармайды»

Экономист Бауыржан ЫСҚАҚОВ адам капиталына баса назар аудару керектігін айтып, экономиканың шикізаттан басқа да секторларын дамытуды қолға алу қажеттігін жеткізді.

Ауылшаруашылығы, туризм, мал шаруашылығы деген сияқты кластерлер бұл. Тұрақты пайда әкелетін, таусылмайтын қорларға қаражатты жұмсай отырып, мұнайға альтернативті дамудың жолын қарастырар едік. Біз бюджетімізді мұнайдың долларға шаққандағы бағасымен бақылап жатырмыз. Оның дәуірі ұзаққа бармайды, – дейді Бауыржан Ысқақов.

Балжан ЖЕҢІСҚЫЗЫ, Астана

Тегтер: