Тоқаевтың АҚШ-қа сапарынан не күтеміз?

ОҚАЕВТЫҢ АҚШ-қа іссапары басталды. Ресей мен Қытай сияқты алпауыт елдермен шекараласып, саяси-экономикалық тығыз байланыста отырған біздің ел үшін Америка Құрама Штаттарына президентіміздің баруы елеулі оқиға.
Cаясаттанушы Дос КӨШІМ мен экономист Жангелді ШЫМШЫҚОВ президент Қасым Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ АҚШ-қа сапарының елімізге тигізетін саяси һәм экономикалық әсерін талдап берді.
Дос КӨШІМ, саясаттанушы:
Бұл сапар Тоқаевтан гөрі АҚШ-қа керек сияқты
– Менде бір ғана болжам бар, бұл сапар Тоқаевтан гөрі АҚШ-қа керек сияқты. Себебі Украина мен Ресейдің соғысындағы Орталық Азияның Ресейге жартылай да болса да жасырын көмектесіп жатқаны белгілі ғой және біз экономикалық одақтас болғаннан кейін бе, саяси тұрғыда көрінбесек те жасырын да, ашық та қолдау көрсетіп жатырмыз.
Менің ойымша, осы мәселе төңірегінде біраз әңгіме болады. Бұл АҚШ тарапынан соңғы рет ескертуі мүмкін.
Бұл сапардан кейін Қытайдың көзқарасы Қазақстанға өзгере қоймайды, себебі Қытай басқа елдердің ішкі саяси мәселесіне араласпайды. Ал Ресейде иә, ондай бар. Ресей, керек десең, президент сайлауына араластады. Олар өздеріне қолдау көрсететін бағыттағы кандидаттарды қолдайды.
Меніңше, Қытай өзінің экономикалық бағыттағы саясатын әрі қарай жүргізе береді. Біздің тарапымыздан қолдау оларға керек, әрине. Сондықтан Қытаймен де қарым-қатынасымыз жақын арада өзгере қоймайды.
Ал Ресейге біз байланып қалғанбыз. Саяси жағынан да, экономикалық жағынан да, барлығы жағынан. Сондықтан екі жақтағы ел арасында ешқандай өзгеріс болмайды.
АҚШ президенті биылғы Қаңтар оқиғасынан кейінгі адам құқықтары және азаптау мәселесін көтеруі мүмкін. Прокуратураның өзі алты адамның азапталып өлгенін мойындады ғой. Бұл мәселе де аяқсыз қалды. Осы уақыт ішінде бұл бағытта нақты қадам жасалған жоқ. Сондықтан АҚШ-та қай мемлекеттің басшысына да адам құқықтарына қатысты сұрақ қойылады.
Тағы бір көтерілетін мәселе – инвестиция тарту. Қазіргі кезде біздің экономикалық жағдайымыз мәз емес. Ал әлеуметтік жағдай экономикаға тікелей байланысты. Сондықтан Тоқаев қазір барған жерінде ең алдымен инвестиция тарту мәселесін көтеріп жүр. Сондықтан да бұл өте маңызды. Себебі инвестицияның негізі әр уақытта сол АҚШ-тан келеді
Жангелді ШЫМШЫҚОВ, экономист:
Тоқаевтың АҚШ-қа сапары көршілес елдермен қарым қатынасқа әсер етпейді
– Ресейдің санкцияларды айналып өтуіне көмектеспеуіміз керек еді. Ал енді «бұдан былай көмектеспейміз» деп уәде беруге мәжбүрміз. Өйткені бұл өзіміз отырған бұтақты шапқанмен бірдей. Онысыз да Ресей бізден төрт есе қуатты, халқының саны бізден төрт есе көп, қай жағынан алғанда да алпауыт екені түсінікті ғой. Күшті адамға көмектесесің бе, әлде әлсізге ме? Тіпті адамгершілік тұрғысынан да Ресейге көмектесуге қақымыз жоқ.
Біз Ресейге экономикалық тұрғыда тәуелді емеспіз. Тәуелді болатындай теориялық тұрғыда ешқандай негіз жоқ. Бізде мұнай бар – оларда да мұнай бар, бізде бидай бар – оларда да бидай бар... Тек қана бәсекелес болуымыз керек.
Ал интеграция болуы үшін, экономикалық одақ құру үшін олар бір-бірін толықтыратын, бір-бірін жалғастыратын технологиялық және басқа жағынан сабақтас экономика болуы керек. Мысалы Жапониямен бізге жүз пайыз интеграция жасауға болады. Тіпті Беларусьтің өзімен жақсы интеграцияға бара аламыз. Өйткені олардың шығаратын техникалары бар, ал бізде тау-кен кеніштері көп.
Қытайдың бізге деген түпкі көзқарасы жақсы емес. Олар қазақтың жеріне көз тігеді. «Балқашқа дейін біздің жер» деп есептейді және ұрпағын солай деп оқытады. Болып жатқан оқиғаны біз өзіміз жасырып, өзімізді-өзіміз алдап отырмыз. Сондықтан да бізге жақсы одақтас керек және ол одақтас АҚШ болуы қажет.
Біздің табиғи шикізат қорымыз өте бай. «Росатомға» уранның бәрін ұстата салғанша, АҚШ-пен экономикалық байланыс құрып, баламалы энергия көзін игеруге ұмтылғанымыз тиімді болар еді.
Одан кейін ауылшаруашылығы техникаларын Ресей мен Беларусьтен аламыз. Олардың техникасынан өнімділігі бірнеше есе жоғары америкалық «Джон Дир» комбайны бар емес пе?
Сонымен қатар, АҚШ-тың саясаты бойынша сыртқы саудада жасалған алаяқтыққа жол берілмеуі туралы кодекстік-моральдық ұстанымдары бар. Ал Ресеймен қарым қатынаста мұндай адалдық, мұндай тазалық қадағаланып жатқан жоқ.
Балжан ҚАЛАҚОВА, Астана.