13 Ақпан 17:02
...

Министрлік кейбір шаралардың тек есеп беру үшін өткізілгенін мойындады

Форум
Фото: freepik.com

Оқу-ағарту министрлігі енді есеп беру үшін өткізілетін форумдар мен жиындар саны қысқартылатынын хабарлады.

Астана, NEGE. Ведомство мәліметінше, оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Президенттің тапсырмаларын орындау, оның ішінде білім саласындағы бюджетті үнемдеу мақсатында басқарма басшыларымен онлайн-кездесу өткізген.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмасына сәйкес, министрлік шығындарды азайтуға кірісті. Ендігі кезекте білім саласының ресурстары формальды шараларға емес, нақты сапаға бағытталады. Соның аясында, есеп беру үшін өткізілетін форумдар, жиындар саны қысқартылады», – делінген хабарламада.

Бұл ретте министрлік өкілдері шаралар тізіміне қатаң ревизия жүргізіліп, тек білім беру мазмұнын байытатын жобаларға ғана қолдау көрсетілетінін атап өтті.

Айта кетейік, Үкіметте өткен жиында Мемлекет басшысы мемлекет бюджетін үнемдеуді қатаң тапсырған болатын.

«Үкімет пен әкімдер бюджеттің игерілмей қалуынан қауіптеніп, жобаларға қаржы бөлу тәжірибесін доғаратын кез келді. Ең сорақысы, мұндай шешімдер субъективті түрде қабылданып, қаржы таңдаулыларға ғана беріледі. Тоқетерін айтқанда, әркім өз білгенін жасағанды қою керек. Енді мұндайды мемлекет мүддесіне қасақана қарсы әрекет ету деп қарастырамыз», – деді Тоқаев.

Президент «бюджет қаржысы нақты пайда әкелетін және ұлттық экономиканың дамуына септігін тигізетін жобаларға берілуге тиіс екенін» баса айтты.