25 Қараша 12:19
...

Тоқаев Тасмағамбетовті НЕГЕ тыйып тастады?

Фото:

Геосаяси дүрбелең кезеңде Қазақстан айғайға сүрең қосып, біреудің жетегінде кететін ел емес, орнықты әрі байсалды сыртқы саясат жүргізетін мемлекет екенін тағы да бір көрсетті. Бұған Президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің шағын құрамда өткен сессиясында сөйлеген сөзі нақты дәлел.

«Біз ҰҚШҰ қызметінің әдіс-тәсілі мен стратегиясын жолға қоя отырып, заманауи қауіп-қатер мен сын-тегеуріндерді міндетті түрде ескеруге тиіспіз. Сонымен қатар ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің қауіпсіздігіне қатер төніп келе жатқанын, егер ондай қауіп болса да, оны үнемі айта берудің қажеті жоқ деп ойлаймын. Түптеп келгенде, қауіп-қатер әрдайым болған. Халықаралық қоғамдастықтың болмысы осындай», – деді Президент.

Мемлекет басшысының пікірінше, бұл тақырыпты қайта-қайта көтеру, ұйымға мүше елдерді әлдекімнен қорқатындай көрініс қалыптастырмақ. Мұндай мәлімдемелер мүлде қате түсінікке алып келуі мүмкін, тіпті қазірдің өзінде солай болып көрінеді.

«Қатысушы мемлекеттердің абырой-беделін және олардың әскери-саяси әлеуеті мен қуатын ескере отырып, Ұйымның риторикасы қатал, әйтсе де белгілі бір деңгейде қисынды болуға тиіс. ҰҚШҰ беделді әскери-саяси ұйым ретінде өзінің жетістіктерін паш етті. Бірақ алдымызда ұйымға мүше мемлекеттердің конструктивті мүддесіне сай келуге тиіс жаңа міндеттер тұр», – деді Қазақстан Президенті.

Фото: Ақорда

Осы аталы сөзді Тоқаевтың баса айтуы тегін емес. Оның себебі де бар. Бұл ҰҚШҰ-ның Бас хатшысы Иманғали ТАСМАҒАМБЕТОВКЕ жасалған месседж.

Бұған дейін Мәскеуде өткен ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің қауіпсіздік кеңесі хатшыларының бас қосуында Бас хатшы «осы ұйымға мүше елдерге қауіп төніп тұрғанын» мәлімдеп, қара аспанды төндірген болатын. Тасмағамбетовке сенсек, жаһандық ойыншылардың текетіресі ҰҚШҰ елдеріне қатер екен.

Тасмағамбетовтің пікірінше, халықаралық құқық эрозияға ұшырап, халықаралық ұйымдардың беделі мен мәртебесі түскен. Бұл жағдайды алдын ала болжауға кедергі. Мұның бәрі ұйымға мүше мемлекеттердің ұлттық қауіпсіздігіне де ықпал етеді.

«ҰҚШҰ кеңістігі түрлі гибридті технологияларды қабылдайтын орынға айналып үлгерді. Ұйымға мүше елдердің ішкі тұрақтылығына үлкен қауіптің шеті көрініп тұр», – дейді Тасмағамбетов.

Әрине, мұның Тасмағамбетовтің жеке пікірі екеніне сену қиын. Оның әр сөзінен Кремльдің ұстанымы мен сөз саптасы анық байқалады. Қазақстандық сарапшылардың дені ҰҚШҰ-ға тікелей төніп тұрған қатердің бар екеніне сенбейді. Ресейдің ҰҚШҰ-ны НАТО-ға қарсы ірі құрылым жасауға талпынып отырғаны құпия болмаса керек. Бұл әскери ұйымның Ресейдің ипериялық амбициясына қызмет ететінін ашық айтып жүр.  

Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәлімдемесімен ҰҚШҰ Бас хатшысы Тасмағамбетов пен оны «көлеңкесімен көміп тұрған» Кремльге Қазақстанның арандатушылыққа ілеспейтінін, ҰҚШҰ-ны өзге әскери блоктарға қарсы қоятын құрылымға айналдыруға ықыласты емес екенін ашық байқатты.

Сөз жоқ, билік басына дипломат Тоқаев келгелі еліміздің сыртқы саясатта ұлттық ұстанымы көрпе астында талқыланбай, билік мінберлерден еркін әрі ұстамды түрде жеткізіле бастағаны сүйінтеді. Десе де, бұл месседжті қарсы тараптың қалай бағамдайды? Бүгінгі күннің басты сауалы – осы.

Тегтер: