Тоқаев пен Лукашенко саммитте сөз қағыстырып қалды
Астанадағы ТМД мемлекеттері басшыларының саммитінде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Беларусь басшысы Александр Лукашенко бірін-бірі әзілмен іліп-шалып қалды.
Астана, NEGE. Саммитке төрағалық етіп отырған Қ.Тоқаевқа қарата А.Лукашенко былай деді: «Қасым-Жомарт Кемелұлы, сіз неге бас хатшы туралы хабарламадыңыз? Біз бас хатшыны сайладық, ал сіз хабарламадыңыз».
А.Лукашенко. Фото: Ақорда
Тоқаев бұған тосылмады, әріптесіне: «Александр Григорьевич, төрағаны сынау сіздің сүйікті ісіңіз екенін білеміз. Александр Григорьевич хабарлау керек дейді, бірақ бізде әлі қол қою процесі жүріп жатыр», – деп жауап берді.
Бұдан әрі Қ.Тоқаев ТМД-ның атқарушы хатшысы лауазымы не себепті «ТМД-ның бас хатшысы» деп өзгертілгенін түсіндірді.
«Қажетті құжаттарға қол қойылып жатқанда хабарлай кетейін, біз ТМД-ның атқарушы хатшысы деген лауазымды ТМД-ның бас хатшысы деп өзгерту мәселесін шағын форматта талқыладық. Мен осындай ұсыныс айттым. Кеше біз ТМД-ның атқарушы хатшысы деген лауазымды ТМД-ның бас хатшысы деп өзгерту туралы шешім қабылдадық.
Бұған дейін де ШЫҰ-ның атқарушы хатшысын бас хатшы деп өзгерттік. Бұның мәні бар, бұл атқарушы орган лауазымының мәртебесін арттырады. Әңгіме Сергей Николаевич Лебедев туралы болып отыр. Бұл лауазымға ол әбден лайық», – деді Қ.Тоқаев.
С.Лебедев. Фото: Ақорда
Әңгіме мұнымен де біткен жоқ. Тоқаев Лукашенкодан: «Сіз осыны қаладыңыз ба?», – деп жымия сұрады. Ал Лукашенко өзіне тән ожарлау стилде: «Мен саған әзірге мәртебе берілмегенімен, атқарушы хатшыны сайлағанымызды айтқым келді», – деді.
Тоқаев бұл жолы тағы да дипломатияға салды: «Әрине, Сергей Николаевич бізде өмір бақилық қой», – деп еді, залдағы мәртебелі қонақтар әдемі әзілге күліп жіберді.