15 Наурыз 08:39
...

«Тоқаев назарбаевтар әулетін түгелдей жауапқа тартудың кілтін тапты»

Фото:

Отыз жыл билік тізгінін уысында ұстап келген өте ықпалды әулеттің адуынды өкілі Қайрат Сатыбалды  ақыры қамауға алынды. Сарапшылардың айтуынша, «Қазақтелекомның» қолды болған қаржысы тек көлегей ғана. Бар гәп – қанды қаңтар оқиғасында.

Мемлекеттік төңкеріс жасамақ болғанына нақты дәлел-айғақтар табылса, бұл Тоқаевтың байлаулы қолын босатып беруі ықтимал. Яғни, транзиттің бастапқы кезінде осы әулеттің амандығына, дүние-мүліктеріне қол сұқпауға берген уәделерін орындаудың еш мәні қалмайды.

Ақорда сөзден іске көшкен де секілді. Заң бойынша Тұңғыш президенттің отбасына тек Назарбаевпен бір шаңырақ астында тұратын адамдар ғана жататыны ресми түрде ашық айтылып та жатыр. Демек, бұл назарбаевтар әулетін түгелге жуық жауапқа тартуға заңдық негіз бар.

Коллаж: nege.kz

Кеше қаңтар қасіреті парламентте де талқыға түсті. Ресми органдар ескі сүрлеуден ұзап шықпаса, Қайрат Сатыбалдының қамалуы көп жайттан хабар берсе керек. Бұл оқиғалар туралы сарапшылар пікірі осыған саяды.

Сайын Борбасов, саясаттанушы:

Назарбаевтың айналасындағылардың бәрін тұтқындау керек

– Қаңтар қасіретінің шындығы толық ашылған жоқ. ҰҚК қызметінің, Назарбаевтың туыстары – Самат Әбіш, Қайрат Сатыбалдының рөлі қандай болғаны әлі де жұмбақ. Елімізге қандай террористік ұйымдар келгені де белгісіз. Қаңтар оқиғасы кезіндегі Нұрсұлтан Назарбаевтың өзінің де рөлі көмескі. Бірақ оның туыстарының бәрі Тоқаевты құлатуды көздегені анық.

Уахабистік, сәләфиттік ұйымдарды алдын ала дайындағаны, қиындық туған кезде пайдаланбақшы болғаны күмәнсіз. Бұлар астыртын әрекет ететін жүздеген адамды дайындықтан өткізген. Ашылғаны – тек келтірілген шығындар мен қаза болғандардың саны.

Бір қызығы, Алматыда Назарбаевтың жақтастарының бизнестері аман қалған. Меніңше, Назарбаевтың айналасындағылардың бәрін тұтқындау керек. Тіпті, Дариға Назарбаеваның қатысы болуы мүмкін. Тікелей араласпаса да, аласапыранның идеологтарының бірі дегенге сенуге болады.

«Шал кет!», «Шал кет!» деп жүріп халық Назарбаевты кетірді. Бұл – қаңтар көтерілісінің жеңісі. Жаңаөзендегі талаптардың орындалуы да жеңіс. Десе де, революциялық жағдай революцияға ұласпады. Саяси жүйені өзгертуге әлі жетпей қалды.

Қыруар ақша, материалдық ресурстар әлі де Назарбаев пен оның жақтастарының қолында. Ұрлықы дүние тәркіленіп, Қазақстанның қорын толтыруы тиіс. Назарбаевтың айналасындағылардың қалтасында кемінде 148 миллиард доллар бар. Бұл – еліміздің екі-үш жылдық табысы!  Егер бұл ақша елге қайтарылса, Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық ахуалы Украинадағы соғысқа қарамай-ақ жақсарып кетер еді. Бұған қазіргі Президенттің саяси ерік-жігері керек.

Петр Своик, саясаткер:

Бұзылған келісім Тоқаевтың қолын босатты

– Қайрат Сатыбалдының ұсталуы – жартылай заңдық, жартылай саяси шешім. Бұған жиынтық себептер түрткі болып отыр. Тұтқындау үшін де заңдық тұрғыдан айғақтар керек. Іс жүргізіліп, құжаттар қатталып, куәгерлер куәлік беруі тиіс. Мұның бәрі бір күнде жасалатын жұмыс емес.

Әрине, транзит кезінде өзара келісім болды. Онда көп жайттар нақты көрсетіледі, айтылады. Тоқаев оны орындап келді. Қаңтар оқиғасы кезінде төңкеріс жасауға ұмтылу арқылы өзара келісім бұзылды. Бұл транзиттің бас кезінде мойына алған міндеттемелерден Тоқаевтың қолын босатып отыр.

Меніңше, қаңтар оқиғасының ақиқаты толық ашылмайды. Өйткені, жара әлі жазылған жоқ. Біреу өзін басқаша көрсетіп, бірдеңелерді жасырып қалғысы келеді. Енді біреулер бәрін керісінше жасағысы келеді. Жұрт сабырға келіп, көп құжат пайда болған кезде, ақиқат айтылмаса да, шындыққа бір табын жақын нұсқалар пайда болуы мүмкін.

Сөз жоқ, қаңтар оқиғасы кезінде мемлекеттік төңкеріске әрекет жасалды. Бұл үшін халық наразылығын да кәдеге асырмақ болды. 

Нұржан Әлтаев, саясаткер:

Бұл тек қана «Қазақтелекомның» мәселесі емес

– Қайрат Сатыбалдының қаңтар оқиғасына қатысы болған шығар деп ойлаймын. Бұл тек қана «Қазақтелекомның» мәселесі емес. Әрмен қарай қаңтар оқиғасына байланысты да айыптар тағылуы ғажап емес. Тергеу барысында дәлелдер табылған болуы да мүмкін.

Парламенттегі отырыста көп нәрсе айқындалмай қалған сияқты. Абақтыларда әлі де жазықсыз отырған азаматтар көп. Менің ойымша, олардың бәріне амнистия жариялануы керек.

Қаңтар оқиғасы – халықтық көтеріліс. Сондықтан билік кешіріммен қарап, рақымшылық беруі қажет. Бейбіт шеруге шығып, талаптарын ашық қойған жігіттер – халқымыздың батырлары. Ел шетіне жау тисе, бірінші болып атқа қонатын – солар.

Тарих ертең өз бағасын береді. Кезінде желтоқсанда алаңға шыққан ағаларымызды да «бандит», «нашақор» деп айыптады. Біраз уақыттан кейін халық батыр деп танып, құрметтей бастады. Адам өлтіріп, ауыр қылмыс істемесе, қаңтар оқиғасы кезінде ұсталғандарды бостандыққа шығару керек.

Тегтер: