Тоқаев мемлекеттік аудиттің қолданыстағы жүйесін сынға алды
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік аудиттің қолданыстағы жүйесін сынға алды.
Алматы, NEGE. «Мемлекеттік аудит жүйесімен байланысты мәселелерді бизнес жиі көтеріп келеді. Тапсырыс беруші мемлекеттік органдарға қатысты мемлекеттік аудит тексерістерінің нәтижесі тапсырыс орындаушы кәсіпкерлердің қылмыстық қудалауға ұшырауына жиі негіз болады. Бұл ретте, кәсіпкерлер мемлекеттік аудит қорытындысына не шағым түсіре алмайды немесе негізсіз қылмыстық істен құтыла алмайды. Себебі жүйе солай құрылған», - деді Тоқаев бизнесті дамыту мәселесіне арналған кездесуде.
Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік аудит нәтижесіне шағым түсірудің барлық мүмкіндігі қарастырылмайынша, қылмыстық іс қозғауға жол бермейтін механизмді енгізу қажет екенін айтты.
«Жалпы Бас прокуратураға Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен және бизнес-омбудсменмен бірлесе отырып, қылмыстық және азаматтық-құқықтық жауапкершілік салаларының ара-жігін ажыратуға бағытталған механизмдерді тез арада әзірлеуді тапсырамын», - деді Тоқаев.