Тоқаев кәсіби құтқарушыларды даярлайтын оқу ордасына барды
Мемлекет басшысы М.Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясына барды.
Алматы, NEGE. Мемлекет басшысы Академия курсанттары алдында сөз сөйледі.
«Халқымыздың амандығын және қауіпсіздігін сақтау – басты міндет әрі қастерлі парыз. Бұл – ең алдымен, құтқарушы мамандарға жүктелетін зор сенім, үлкен жауапкершілік. Құтқару қызметі – өте маңызды сала. Соңғы кезде жер жүзінде төтенше оқиғалар жиілеп барады. Жұртымыз мұндай қауіп-қатерге әрдайым дайын болуы керек. Сондықтан, осы салада қызмет етіп жүрген мамандардың еңбегі еліміз үшін өте маңызды», - деді президент.

Академия – еліміздегі кәсіби құтқарушылар даярлайтын бірден-бір оқу орны.
«Академияны ширек ғасыр ішінде 6 мыңға жуық маман бітіріп шықты. Академия түлектері барлық облыста еңбек етіп жүр. Олар Отан алдындағы борышын адал атқарып келеді. Халқымызда «Апат айтып келмейді» деген сөз бар. Күзде еліміздің бірнеше аймағы алапат өрттен зардап шекті. Сын сағатта тұрғындарға алдымен құтқарушылар көмекке келді», - деді Тоқаев.

Азаматтық қорғау академиясы – төтенше жағдайлардан қорғау саласы бойынша маман даярлайтын еліміздегі жалғыз жоғары оқу орны.
Соңғы уақытта 569 курсант күндізгі бөлімде, 161 курсант қашықтан оқу бөлімінде білім алып жатыр. Сондай-ақ 168 курсант шетелдік салалық жоғары оқу орындарында оқиды. Академия жыл сайын 150-ден астам офицер даярлап шығарады.
Президенттің тапсырмасына сәйкес биылдан бастап құтқарушылардың еңбекақысы 10-нан 70 пайызға дейін көтеріледі.