Тоқаев: Үкімет инфляцияны төмендетіп, экономиканы жаңа үлгіге көшіруі керек
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында Үкіметке инфляцияны төмендетіп, экономиканың өсу қарқынын сақтауды, сондай-ақ Қазақстан экономикасын жаңа даму үлгісіне көшіруді тапсырды.
Астана, NEGE. Мемлекет басшысының айтуынша, халықаралық ахуал барған сайын күрделеніп, тұрақсыздық күшейіп келеді. Бұл өз кезегінде жаһандық экономикаға айтарлықтай кері әсерін тигізіп отыр.
«Халықаралық валюта қоры мен Біріккен Ұлттар Ұйымының құзырлы агенттіктерінің болжамы бойынша алдағы екі жылда әлем қауымдастығы, соның ішінде жекелеген мемлекеттер экономикалық жоспарларын жүзеге асыру кезінде едәуір қиындыққа тап болуы мүмкін», – деді Президент.
Соған қарамастан, Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі жағдайда үрейге бой алдырмауға шақырды.
«Үкімет елдің орнықты дамуын қамтамасыз ету үшін барынша белсенді және ширақ жұмыс істеуге тиіс. Инфляцияны тежеп, оны мейлінше төмен деңгейге жеткізген жөн. Сондай-ақ экономиканың қарқынын төмендетпей, керісінше, оның көрсеткіштерін ұлғайту қажет», – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, Қазақстан экономикасын жаңа даму моделіне көшіру – стратегиялық міндет. Оған жедел қол жеткізу үшін жаңа көзқарас пен ұстаным қажеттігін, сондай-ақ ол бұрынғы әдіс-тәсілдермен жүзеге аспайтынын жеткізді.
Мемлекет басшысы былтыр Қазақстан экономикасы 6,5%-ға өскенін, ал жалпы ішкі өнім ел тарихында алғаш рет 300 млрд доллардан асқанын айтты. Оның сөзінше, жан басына шаққандағы ЖІӨ 15 мың доллардан асып, 2019 жылдан бері бір жарым есе өскен.
Оған қоса, Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы бес айдың қорытындысы бойынша инфляция 10,4%-ға дейін төмендегенін атап өтті. Дегенмен бұл көрсеткішті одан әрі азайту қажет екенін айтты.
«Қазақстанның қаржы жүйесі тұрақты. Ұлттық валютамыз да өз тұғырында нық тұр, сыртқы қауіп-қатерлерден сенімді түрде қорғалған деп айтсақ, қате болмайды», – деді ол.
Тоқаев Парламенттің Үкіметпен және Ұлттық банкпен бірлесіп атқарған жұмысына оң баға беріп, қазіргі кезеңдегі маңызды мәселелердің бірі – Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесі екенін айтты. Сондай-ақ Мемлекет басшысы қабылданған Бюджет және Салық кодекстерінің нәтижесінде елдің экономикалық жүйесі жаңғыртылып, мемлекеттік қаржыны басқару тәсілдері түбегейлі өзгергенін жеткізді.