11 Маусым 11:43
...

Геосаясат, Назарбаев, Тоқаев және Димаш – Шетелдік сарапшылар Қазақстанды қай қырынан таниды?

Геосаясат
Фото: Ғаламтордан

Қазақстан – жер аумағы бойынша әлемде тоғызыншы орында тұрған ел, ал Орталық Азиядағы ең ірі мемлекет. Алайда осыған қарамастан, халықаралық қоғамдастықта Қазақстанды толық біле бермейді. NEGE тілшісі біраз уақыттан бері түрлі елдердің сарапшылармен сұхбаттасып келеді. Тілшіміз бұл жолы олардың Қазақстанға қатысты пікірін, елдің халықаралық аренадағы бейнесін қалай қабылдайтынын сұрады.

Омид РАХИМИ, Иран:

Қазақстанның Газаға байланысты ұстанымы пікірталас тудырды

Иран
Фото: жеке мұрағатынан

– Иранда Қазақстан туралы біршама біледі. Жері кең ел ретінде таниды, бұрын ядролық қаруға ие болғанын және Иранға көптеген мәселе бойынша көмек көрсеткенін еске алады. Өзім сақтардан бастап, Алматы, Шымкент, Ақтау секілді өңірлерді зерттедім, мәдениеті мен сәулетіне арналған көрмелерге қатыстым, ирандық қазақтар арқылы достық байланыстар орнаттық, Қазақстанның бай дәстүрі мен қонақжайлығын да ерекше бағалаймын.

Қазақстанның көпвекторлы саясаты – басты дипломатиялық бренді. Бұл саясат қазіргі геосаяси жағдайға сай құрылған. Иранда өткен ядролық келіссөздер мен Астана процесі де есімізде. Бірақ кей кездері бейтарап ұстанымы сынға ұшырайды. Мысалы, Газадағы жағдайдан кейін Израильмен байланысы Иранда пікірталас туғызды.

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевты білеміз. Ол Тегеранға бірнеше рет ресми сапармен келіп, ядролық қаруды таратпау бастамасы арқылы танымалдыққа ие болды. Ол Қазақстанды халықаралық деңгейде бейтарап әрі сенімді әріптес ретінде таныта алды. Қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың да беделі жоғары. Ол – кәсіби дипломат әрі реформаларға бейілді тұлға. Оның саясаты жаңа буын басшылығының бет-бейнесін көрсетеді. 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы бұл жолдың оңай емес екенін дәлелдеді, бірақ Қазақстан бұл сынақты еңсерді.

Мәдени салаға келсек, Иранда Димаш Құдайбергенді өте жақсы біледі. Оның өнерін жоғары бағалайды. Одан бөлек Иран халқы Абай мен әл-Фарабидің еңбектерімен таныс. Өкінішке қарай, Қазақстанда түсірілген киноларды Иранда оң қабылдамайды. Жалғыз танымал туынды – «Томирис» фильмі, алайда оның өзі Иранда теріс пікір тудырды. Себебі, Иран халқы Кир патшаны тарихи тұлға санайды, ал оның жеңілуін бейнелеу көпшілікке ұнамайды. Димаш өте танымал, Абай мен әл-Фараби еңбектері аударылған.

Ирандық инвестиция үшін Қазақстан маңызды әрі тартымды бағыттардың бірі. Әсіресе, ауыл шаруашылығы саласында ирандықтар экстерриториялық егіншілікке қызығушылық танытып отыр. Иранның Қазақстаннан астық импорттауы осы қызығушылықтың негізі. Алайда Қазақстандағы заңдар, экономикалық орта және инвестициялық тәртіптер туралы ақпараттың аздығы салдарынан, ирандық инвестицияның көбі БАӘ мен Түркияға бағытталып жатыр.

Қазақстан мен Иран арасында басқа салаларда ынтымақтастық аз. Осы бағыттарда медиа байланыстарды арттырып, мәдениет, туризм, өнеркәсіп, ғылым мен білім салаларында тәжірибе алмасуды күшейту қажет.

  • Омид Рахими – ирандық сарапшы, халықаралық қатынастар саласының ғылым кандидаты және Орталық Азияны зерттеу институты зерттеу бөлімінің директоры. Еуразия геоэкономикасы және Иран мен Орталық Азия арасындағы мәдени байланыстарды зерттейді. Осы саладағы тәжірибесінің арқасында ол Орталық Азия мен Еуразиядағы оқиғаларды геоэкономикаға ерекше мән бере отырып, сауатты талдап жүр. Оның мақалалары мен материалдары дүниежүзіндегі ең беделді басылымдарда жарияланды, олардың қатарында Джеймстаун қоры, Атлантикалық кеңес, Global Research, Modern Diplomacy, The Diplomat, ТАСС және Sputnik бар.

Хосе Игнасио МОЯНО, Аргентина:

Геннадий Головкинді білемін

Аргентина
Фото: жеке мұрағатынан

– Қазақстан дегенде Тәңіртауы, Байқоңыр, кең байдақ дала мен қос өркешті түйелер еске түседі. Одан бөлек, түркі, славян және қытай мәдениеті тоғысқан геосаяси орталық. Қазақстан посткеңестік көшбасшылық үлгісін ұстанды. Айталық, Н.Назарбаев кезеңінде ұлттық тұтастық сақталды, ал Тоқаев жаңа буын реформаторы ретінде халықаралық имиджді жаңартуда. Түркі әлемімен ықпалдастық – Тоқаев саясатының жаңа қыры.

Менің ойымша, Қазақстан көшпенділер мәдениетін насихаттау арқылы өз мәдениетін өте жақсы дәріптеп жүр. Мәселен, Көшпенділер ойындары қазақ мәдениетінің өте қызықты қырын көрсетеді. Спортшылардың ат үстінде шауып келе жатып жамбы атуы, күрес және бүркітпен аң аулау жарыстарын тамашалағанды ұнатамын. Көшпелі киіз үйлер мен аң терісінен тігілген киімдер, қолөнер бұйымдары бұл шараның эстетикасын көрсеитеді. Сондай-ақ мен чемпион Геннадий Головкинді білемін, ол Оңтүстік Америка боксшыларымен бірнеше жекпе-жек өткізген.

Қазақстан мен Аргентинаның ауыл шаруашылығы, техника, энергетика және ғарыш саласы бойынша ұқсастығы бар. Ендігі ойым, ғылыми және техникалық салалар бойынша ынтымақтастық күшейсе деймін.

Қасым-Жомарт Тоқаев – жаңғыру мен түркілік ықпалдастықты күшейту арқылы өз бағытын қалыптастырып келе жатқан жаңа лидер. Тоқаевтың миссиясы ішкі реформалар арқылы халықаралық беделді арттыру болмақ.

  • Хосе Игнасио Мояно – аргентиналық халықаралық қатынастар маманы. Ол Католиктік Кордова университетінің түлегі, халықаралық жаңалықтар бойынша теле-радио саласында жұмыс істейтін сарапшы. «Украинадағы соғыс: саясат, геосаясат және метасаясат туралы жазбалар» кітабының авторы. Оның саяси және өркениеттік процестерге берген бағалары Латын Америкасынан бастап Еуразияға дейінгі кеңістікті қамтиды.

Ахмет Эрди ӨЗТҮРІК, Түркия:

Димаш – «жұмсақ күш»

Түркия
Фото: жеке мұрағатынан

– Қазақстан мен Түркияның арасындағы байланыс өте терең. Қазақстанның тәуелсіздігін ең бірінші болып мойындаған Түркия екенін де білесіздер. Қазақстан халықаралық аренада теңгерімді және прагматикалық сыртқы саясатымен танымал. Көпвекторлы саясат ұстанып, Ресей, Қытай, АҚШ және ЕО сынды жаһандық державалармен дипломатиялық және экономикалық байланыстарын нығайтып отыр.

Қазақстан бейтараптық пен бейбітшілікті насихаттап, халықаралық жанжалдарда ара ағайындық жасап, өте жауапты миссия атқарып жүр. Қазақстанның сыртқы саясаттағы ұстанымы елді бейбіт, бейтарап және ынтымақтастыққа ашық мемлекет ретінде көрсетеді.

Соңғы жылдары Димаш Құдайбергеннің танымалдығы Түркияда күрт артты. Димаш – «жұмсақ күш» және ол Қазақстан үшін ғана емес, жалпы түркі әлемі үшін беделді тұлға.

Қазақстан мен Түркия көптеген салада әріптестік жасайды. Түркі мемлекеттері ұйымы осының көрінісі. Білім, мәдениет, көлік және қорғаныс саласында ықпалдастық артып келеді. Қасым-Жомарт Тоқаев бұрынғы жүйені демократияландыруға ұмтылып жүр. «Тыңдайтын мемлекет», саяси реформалар, парламент рөлін күшейту оның ашықтық саясатын көрсетеді.

  • Ахмет Эрди Өзтүрік – түрік саясаты саласындағы сарапшы, қазіргі уақытта Лондон Метрополитен университетінде дәріс береді.