Тоқаев: Орталық Азия жаңа тарихындағы аса табысты кезеңді бастан өткеріп жатыр
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, Орталық Азия өзара сенімнің нығаюы мен өңірлік ынтымақтастықтың қарқынды дамуының арқасында жаңа тарихындағы аса табысты кезеңді бастан өткеріп жатыр.
Астана, NEGE. Бұл жөнінде Президент Шолпан-Ата қаласында өтіп жатқан Орталық Азия және Әзербайжан мемлекеттері басшыларының бейресми Консультативтік кездесуінде айтты.
Мемлекет басшысы осы маңызды Шартқа қосылғаны үшін Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедовке алғыс айта келе, өңірлік ынтымақтастықтың мән-маңызына тоқталып өтті. Оның айтуынша, келесі кезең аталған құжат ережелерін нақты іске асыру болуға тиіс.
«Осыған байланысты достық пен тату көршілікті одан әрі нығайтуға, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық қарым-қатынасты бекемдеуге бағытталған ұзақмерзімді өзара ықпалдастығымыздың анық бағдарлары көрсетілген іс-шаралар жоспарын әзірлеуді және қабылдауды ұсынамын. Өзара сенімнің нығаюы мен өңірлік ынтымақтастықтың қарқынды дамуының арқасында Орталық Азия жаңа тарихындағы аса табысты кезеңді бастан өткеріп жатыр деп нық сеніммен айтуға болады, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжанның Консультативтік кездесулердің толық мүшесі болуы бұл форматты нығайтудағы оң эволюцияның жаңа деңгейін көрсететінін мәлімдеді. Президенттің пайымдауынша, бірлескен күш-жігер арқылы саяси диалогты одан әрі тереңдетуге, инвестиция, энергетика, өнеркәсіп салаларындағы қарым-қатынасты жандандыруға, бірыңғай көлік-логистика жүйесін қалыптастыруға қолайлы жағдай жасалуда.
«Соңғы жылдары өңірішілік сауда ұдайы өсіп, іскерлік байланыс кеңейе түсті. Бірлескен кәсіпорындар құрылып, ортақ инвестициялық жобалар іске асырылуда. Сонымен қатар гуманитарлық қарым-қатынас жандана түсті. Мәдениет, білім салаларындағы, жастар арасындағы ықпалдастықтың мазмұны байып келеді. Осы оң нәтижелердің барлығы бауырлас халықтарымызды одан әрі жақындатуға және аймақтың беделін нығайтуға ықпал етеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан басшысы жаһандық үдерістерде Орталық Азияның рөлі сенімді түрде артып, әлемдік аренадағы аймақтың үні айқын әрі салмақтырақ шыға бастады деп санайды.