USD
USD
USD

Тоқаев: «Орталық Азия – Қытай» форматы ортақ қауіпсіздіктің үйлесімді үлгісі болуы қажет

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия және Қытайдың ішкі істер және қоғамдық қауіпсіздік министрлерін қабылдады, деп хабарлайды Ақорда.

Тоқаев
Фото: Ақорда

Астана, NEGE. Кездесу барысында өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету, трансұлттық қылмыс пен есірткінің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл, киберқауіпсіздік, экстремизммен және басқа да қазіргі сын-қатерлермен күрес мәселелері талқыланды.

Тоқаев Қазақстан қауіпсіздік саласындағы өңірлік және халықаралық ынтымақтастықты тереңдетуді қолдайтынын айтып өтті. 

«Маңызды көлік және сауда бағыттары түйісетін Орталық Азия аймағына трансұлттық қылмыстық желінің қызығушылығы жоғары. Осы орайда, ұйымдасқан трансұлттық қылмысқа, есірткінің заңсыз айналымына және адам саудасына қарсы тұру мәселесі өзекті болып отыр. Күш-жігер біріктіру, ақпарат алмасу, институционалдық ықпалдастықты нығайту және заманауи технологияларды енгізу арқылы ғана бұл сын-қатерлерге қарсы тұра алатынымызға сенімдімін. Қазақстан қауіпсіздік саласындағы өңірлік және халықаралық ынтымақтастықты тереңдетуді дәйекті түрде қолдайды», – деді Президент.

Оның айтуынша, айтылған қатерлердің бәрі бір-бірімен тығыз байланысты. Оған тек жан-жақты, кешенді түрде күш біріктіре отырып төтеп беруге болады. 

«"Орталық Азия – Қытай" форматы елдеріміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісінде өзара үйлесімді, нақты шешімдердің үлгісі болатынына сенімдімін», – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің пікірінше,  өңірлік қауіпсіздіктің тиімді жүйесін құру үшін «Орталық Азия – Қытай» форматының әлеуетін тиімді пайдалану қажет. Сондай-ақ ол Қазақстанның Қытай Халық Республикасымен және Орталық Азия мемлекеттерімен өзара сенім, тату көршілік, ортақ жауапкершілік негізіндегі ынтымақтастықты ілгерілетуге ерекше мән беретінін атап өтті.

Қазір оқып жатыр

Зейнетақы жинағының ең төменгі жеткілікті шегі 79%-ға дейін өсуі мүмкін

Зейнетақы жинағының ең төменгі жеткілікті шегі

Курчатов қаласында балабақшаның 75 қызметкерінің жеке дерегі тарап кеткен

жеке дерек

Қасым-Жомарт Тоқаев Олжас Сүлейменовті 90 жас мерейтойымен құттықтады

Дархан Сатыбалды, Олжас Сүлейменов

20 мамырда Парламент Палаталарының бірлескен отырысы өтеді

Парламент