30 Желтоқсан 16:00
...

Тоқаев ЛГБТ насихатына тыйым салатын заңға қол қойды

Ақорда
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне архив ісі және құқыққа қайшы контенттің таралуын шектеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды, деп хабарлайды Ақорда.

Астана, NEGE. 18 желтоқсан күні Сенат депутаттары ЛГБТ насихатына тыйым салатын заң жобасын екінші оқылымда мақұлдаған еді. Әзірлеушілердің айтуынша, бұл заңды қабылдаудағы мақсат – архив ісі саласындағы заңнаманы жетілдіру, мемлекеттік архивтер қызметінің тиімділігін арттыру және балалардың құқықтарын қорғау.

Заңда мынадай новеллалар қарастырылған:

  • Ұлттық архив қоры мен тұжырымдамалық аппарат құрамын қазіргі кезеңнің, оның
    ішінде цифрландырудың шындықтарын ескере отырып кеңейту;
  • ауылдық жерде жұмыс істейтін архив қызметкерлеріне қосымша ақы төлеудің
    заңдылығы;
  • архивтерге «ұлттық» мәртебесін беру арқылы архив саласының имиджін арттыру;
  • өскелең ұрпақты дәстүрлі емес жыныстық қатынастар мен педофилияны
    насихаттаудан қорғау.

Заң архив ісі жүйесін жетілдірумен қатар, өскелең ұрпақты қоғамымызға тән емес дәстүрлерді насихаттаудан қорғауды, неке және отбасы институтын нығайтуға негізделген дәстүрлі отбасылық құндылықтарды ілгерілетуді, балаларды отбасылық құндылықтарды құрметтеу рухында тәрбиелеуді қамтамасыз етеді.

Бұған дейін мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов ЛГБТ-ны насихаттағаны үшін қандай жаза тағайындалатыны туралы ақпарат берген еді. Вице-министрдің мәлімдеуінше, ЛГБТ насихаты құқыққа қайшы контентті тарату бабымен жазаланады.