Тоқаев көрнекті ғалым Тұрсын Жұртбайды I дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада бір топ қоғам қайраткерін мемлекеттік наградалармен марапаттады. Саналы ғұмырын ұлт руханиятын дамытуға арнап келе жатқан көрнекті әдебиеттанушы ғалым Тұрсын Жұртбай I дәрежелі «Барыс» орденінің иегері атанды.
Астана, NEGE. Президент қарымды қаламгердің төл тарихымыздың ақтаңдақ тұстарын зерттеп, халықтың сана-сезімін жаңғыртуға елеулі үлес қосқанын, сонымен қатар ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығын терең зерттеп, жан-жақты дәріптеуге зор еңбек сіңіргенін атап өтті.
«Абай – ұлттың рухани темірқазығы, өскелең ұрпақтың айнымас бағдары. Шын мәнінде, ұлы ойшылды тану – қазақты тану деген сөз. Сіз Мұхтар Әуезовтің және ұлт қайраткерлерінің мол мұрасы мен өнегелі өмірі туралы құнды ғылыми еңбектер жаздыңыз. Шоқтығы биік көркем шығармаларыңыз арқылы төл әдебиетіміздің құндылығын арттыра түстіңіз», – деді Мемлекет басшысы.
АқордаТұрсын Жұртбаймен қатар, көрнекті суретші, танымал өнер қайраткері Бәтима Зәуірбековаға «Отан» ордені, мемлекет қайраткері Александр Судьинге II дәрежелі «Барыс» ордені табысталды. Белгілі актер, көрнекті театр режиссері Нұрқанат Жақыпбайға «Қазақстанның халық әртісі» атағы, ауыл шаруашылығы саласының ардагері Виктор Хильниченкоға «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілді.