22 Қаңтар 08:58
...

Тоқаев Конституциялық комиссия құру туралы жарлыққа қол қойды

Ақорда
Фото: Ақорда

 Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Конституциялық реформа жөніндегі комиссияны (Конституциялық комиссия) құру туралы жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды Ақорда.

Астана, NEGE. Сондай-ақ Комиссия құрамы мен ережесі бекітілді.

«Конституциялық реформа бойынша ұсыныстарды тұжырымдау мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

1. Конституциялық реформа жөніндегі комиссия (Конституциялық комиссия) (бұдан әрі – Комиссия) құрылсын.

2. Қоса беріліп отырған:

1) Комиссия туралы ереже;

2) Комиссияның құрамы бекітілсін.

3. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.

4. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі», – делінген құжатта.

Айта кетейік, Президент Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында Конституциялық комиссия құрылатынын хабарлаған еді.

«Бастапқыда Парламенттік реформа аясында Ата заңның 40-қа жуық бабын өзгерту жоспарланған еді. Алайда жұмыс барысында түзетулер саны әлдеқайда көп екені белгілі болды.

2022 жылғы реформада Ата заңның 33 бабы жаңарғанын білесіздер. Ал, ендігі өзгерістер одан да ауқымды. Біз, шын мәнінде, жаңа Конституция қабылдаумен пара-пар қадам жасағалы тұрмыз. Сондықтан мен Конституциялық комиссия құру туралы шешім қабылдадым», – деді ол Құрылтайда.

Тоқаевтың мәлімдеуінше, Комиссия құрамына 100-ден астам азамат кіреді. Оның ішінде Ұлттық құрылтай мүшелері, белгілі заңгерлер, ақпарат құралдары басшылары, аймақтық мәслихат төрағалары мен қоғамдық кеңес өкілдері және басқа да білікті мамандар болады. Бұл жұмысқа Конституциялық соттың төрағасы жетекшілік етеді. Комиссия барлық ұсынысты сараптап, қорытып, нақты өзгерістердің жобасын әзірлейді. Осыдан кейін жалпыхалықтық референдум өтетін уақыт белгіленбек.