USD
USD
USD

Тоқаев: «Қытай Қазақстан экономикасына 30 млрд доллардан астам инвестиция салды»

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің шақыруымен Шанхайға жұмыс сапарымен барып, сапар барысында Қытайдың жетекші компанияларының басшыларымен кездесті.

Қытай
Фото: Ақорда

Астана, NEGE. Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР бизнес өкілдерімен «дөңгелек үстел» форматында өткен кездесуде Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық әріптестікті жоғары бағалады.

Президенттің айтуынша, өткен жылы екіжақты сауда көлемі 49 миллиард долларға жетіп, рекордтық нәтиже көрсеткен.

«Қытай Қазақстан экономикасына 30 миллиард доллардан астам инвестиция салды. Қазір Қазақстанда қытай капиталы бар 8500-ден астам кәсіпорын табысты жұмыс істеп жатыр. Соның ішінде CNPC, CITIC және Huawei сияқты ірі компанияларды атап өту қажет. Біз Қытай бизнес өкілдерінің Қазақстан экономикасын жаңғыртуға сүбелі үлес қосып жатқанын жоғары бағалаймыз», – деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Президент Қазақстан мен Қытай бірлесіп көптеген маңызды жобаны табысты іске асырғанын атап өтті. Соның нәтижесінде жаңа жұмыс орындары ашылып, озық технологиялар енгізілді, екі ел арасындағы өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастық нығая түсті.

Осы ретте Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел бірлесіп іске асырып жатқан жаңа стратегиялық жобаларға тоқталып өтті. Атап айтқанда, олар – Sinopec компаниясымен ірі газ-химия кешені, Fufeng Group компаниясымен жүгеріні терең өңдеу зауыты, Lihua Group компаниясымен заманауи мақта-тоқыма кластері құрылысы. 

«Бұл жобалар біздің екіжақты әріптестігіміз инновацияларға, озық технология мен өнеркәсіпті жаңғыртуға негізделгенін көрсетеді», – деді ол.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы қатысушыларға Қазақстанның цифрлық трансформация саласындағы басымдықтарын таныстырып, технологиялық ынтымақтастықтың негізгі бағыттары жөнінде баяндап берді.

Айта кетейік, 17 шілде күні Президент «Жарқын болашақ үшін жасанды интеллект саласындағы серіктестік» тақырыбында өтетін Дүниежүзілік жасанды интеллект конференциясына (WAIC) қатысады.

Қазір оқып жатыр

Алатау қаласында алғашқы зәулім ғимараттың құрылысы басталды

Алатау қаласы

Түркияда қазақстандық әйел алтыншы қабаттан құлап көз жұмды

DHA

Уразбахтин «Қайрат» клубының бас бапкерлігінен кетті

Футбольный клуб «Кайрат»

Мәслихат депутаттығына кандидаттардың сайлау шығыны бекітілді

Құрылтай сайлауы