USD
USD
USD

Тоқаев: «Қазақстан мен Ресей арасында ешқандай шешілмеген мәселе жоқ»

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Президенті Владимир Путин келіссөздер барысында екі ел арасындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

Тоқаев, Путин
Фото: Ақорда

Астана, NEGE. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан үшін әуелі Ресеймен жақын әрі достық байланыстар айрықша маңызды екенін атап өтті.

«Бірлескен күш-жігердің арқасында екіжақты ынтымақтастық барлық салада сенімді түрде дамып келеді әрі оны мемлекетаралық байланыстардың нағыз үлгісі деп атауға болады. Біз шағын құрамда нәтижелі келіссөз жүргізіп, сан қырлы серіктестігімізді нығайтуға ниетті екенімізді растадық. Елдеріміздің арасында ешқандай шешілмеген мәселе жоқ. Тек оң динамика байқалады. Осы қарқынды сақтап, жаңа жобалар мен бастамалар арқылы ынтымақтастықты дамыта береміз», – деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев әлемдегі күрделі ахуалға қарамастан, екіжақты ықпалдастық, әсіресе, экономика саласында табысты өрбіп келе жатқанын баса айтты. Президенттің мәлімдеуінше, Ресей Қазақстан экономикасына қаржы құйған елдердің арасындағы ең ірі инвестор саналады. Ал Қазақстанның Ресей экономикасына салған қаржысы 9 миллиард доллардан асқан.

«Бұл – өте жақсы көрсеткіш, екі ел президенттерінің әкімшіліктері мен үкіметтерінің бірлесе атқарған жұмысының нәтижесі. Осы қарқынды ары қарай жалғастыруға уағдаластық. Бүгінде инвестицияның жалпы көлемі 53 миллиард доллар болатын 177 бірлескен жобаның пулы жасақталды, оның ішінде 122-сі іске асырылды, яғни, операциялық кезеңге өтті», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өз кезегінде Владимир Путин Ресей мен Қазақстанның тең құқылы және өзара құрметке негізделген қарым-қатынасы қарқынды дамып келе жатқанын айтты.

«Ресей және Қазақстан халықтары арасындағы достық пен тату көршіліктің жеті негізі жайында маңызды бірлескен мәлімдеме қабылдаймыз. Сонымен қатар көптеген үкіметаралық, ведомствоаралық және коммерциялық келісімдер дайындалды. Бұл құжаттар экономика мен энергетикадан бастап, мәдени-гуманитарлық қатынастарға дейінгі ынтымақтастықтың барлық саласын қамтиды. Мұның бәрі өзара ықпалдастығымыздың іргесін нығайтуға септігін тигізетініне сенімдімін», – деді Ресей басшысы. 

Ол Қазақстан мен Ресей арасындағы өзара ынтымақтастықты жақсы нәтижеге жеткізетін перспективті бағыттар байқалатынын атап өтті.

Қазір оқып жатыр

«Қазмырыш» зауытындағы жарылыс себебін анықтауға ЖОО ғалымдары тартылған

Қазмырыш

Енді пара беруге уәде еткен адам да қылмыстық жауапқа тартылады

пара беру

Сұлтан Сәрсемәлиев балдызын «қасақана өлтірді» деген айыппен келіспеді

күдікті

Мобильді аударымдарды тексеру: айыппұл салына бастады ма?

Мобильді аударымдар