Тоқаев Еуразияның заманауи көлік-логистикалық қаңқасын құру ісін жеделдетуді ұсынды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстанда Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысына қатысып, ұйымның 2035 жылға дейінгі Көлік байланысы стратегиясын әзірлеп, қабылдауды ұсынды.
Астана, NEGE. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан «Бір белдеу, бір жол» мегажобасын Транскаспий халықаралық көлік бағдарымен, Солтүстік – Оңтүстік дәлізімен, сондай-ақ Орталық және Оңтүстік Азияның перспективті сауда жолдарымен ұштастыруға баса мән беретінін мәлімдеді.
«Еліміз көлік саласындағы бастамаларды Шанхай ынтымақтастық ұйымы аумағында ілгерілетуге әзір. Ол үшін кеден рәсімдерін цифрландырып, электрондық құжаттарды өзара тану, «жасыл дәліз» қағидатын және басқа да заманауи тетіктерді қолданған жөн. Бұл ретте ШЫҰ Бірыңғай транзит цифрлық платформасын құру тиімді тәсіл болар еді. Ол үйлесімді цифрлық шешімдер негізінде жүктің жөнелту пунктінен соңғы нүктедегі алушыға дейін кедергісіз өтуіне мүмкіндік береді. Құқықтық-нормативтік базаны нығайту үшін Шанхай ынтымақтастық ұйымының 2035 жылға дейінгі Көлік байланысы стратегиясын әзірлеп, қабылдауды ұсынамыз», – деді Тоқаев.
Сондай-ақ Президент ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің ғылыми, инновациялық әлеуетін жасанды интеллект экожүйесін дәйекті түрде қалыптастыра отырып, технологияларды бірлесе ойлап табу жолында жұмылдыруға үндеді. Оның айтуынша, Қазақстан осы саладағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуді қалайды.
«Биыл еліміз Қытайдың бастамасымен құрылған Дүниежүзілік жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық ұйымының (WAICO) негізін қалаушылардың бірі болды. Сондықтан Ұйымға мүше елдердің жетекші университеттерінің, ғылыми мекемелерінің және технологиялық компанияларының қатысуымен ШЫҰ аясында Жасанды интеллект орталықтарының желісін құруды ұсынамыз», – деді Мемлекет басшысы.
Президент Шанхай ынтымақтастық ұйымын реформалау мәселесі әлі де өзекті екеніне назар аударып, бұл жұмысты сыртқы саясат ведомстволарына жүктеуді ұсынды. Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан ШЫҰ аясындағы сан қырлы ынтымақтастықты жаңа әрі сапалы деңгейге көтеруге барынша күш салуға дайын екенін жеткізді.