Тоқаев: «Болашақ ойындары» елдер арасындағы алтын көпірге айналады
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада «Болашақ ойындары – 2026» халықаралық турнирінің ашылу салтанатында сөз сөйледі. Мемлекет басшысы бұл сайыста спорт, ақыл-ой және цифрлық технологиялар тоғысатынын атап өтті.
Астана, NEGE. Президенттің айтуынша, турнир шынайы және виртуалды әлем арасындағы тепе-теңдікке негізделген.
«Бұл турнир кереғар дүниелерді бір арнаға тоғыстырады. Оның негізінде шынайы және виртуалды әлем арасындағы ақылға қонымды тепе-теңдік жатыр», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы жарысқа негізінен жастар қатысып отырғанына назар аударып, олардың білімі, таланты мен еңбекқорлығы ел болашағына тікелей әсер ететінін айтты.
Президент ойынға қатысушылардың турнирге тыңғылықты дайындалғанын және өз командаларының намысын қорғауға әзір екенін атап өтті. Оның сөзінше, «Болашақ ойындарының» басты мақсаты – адамдарды жаңа жетістіктерге жұмылдыру және жігерлендіру.
Қасым-Жомарт Тоқаев спорттың әртүрлі мәдениеттерді жақындастырып, мемлекеттер мен халықтар арасындағы байланысты нығайтатынын айтты.
«Болашақ ойындары» елдеріміздің арасындағы ынтымақтастықтың, достық пен келісімнің «алтын көпіріне» айналады деп сенемін», – деді Президент.
29 шілде – 9 тамыз аралығында Астана қаласында алғаш рет киберспорт пен спорттың дәстүрлі түрлерін және жаңа технологияны ұштастырған халықаралық турнир өтеді.
Биылғы сайыстарға 34 елден келген 800-ден астам спортшы қатысады.
Астанадағы турнирде спортшылар фиджитал-футбол, фиджитал-баскетбол, фиджитал-жекпе-жек, фиджитал-шутер, фиджитал-би, Dota 2, Mobile Legends: Bang Bang және PUBG: Battlegrounds секілді 8 бағыт бойынша күш сынасады.