Спорт
Тоқаев Азия ойындарында алтынынан айырылған спортшыны да марапаттады
Қасым-Жомарт Тоқаев Жапонияда өткен Азия ойындары мен Азия параойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттады. Марапатталғандардың қатарында аяқкиімі белгіленген талаптарға сай келмегендіктен, жеңіп алған алтын медалі есепке алынбаған Ясмина Тоқсанбаева да бар.
Астана, NEGE. Ақордада өткен салтанатты жиында Мемлекет басшысы қазақстандық спортшылардың халықаралық жарыстарда ел намысын абыроймен қорғағанын атап өтті.
Президенттің айтуынша, спортшылардың жеңісі жас ұрпаққа үлгі болып, оларды биік мақсаттарға жетелей түседі.
«Ұлттық құраманың табанды еңбегінің арқасында Азиада төрінде рухты Әнұранымыз шырқалды, көк Туымыз биікте желбіреді. Мен әрбір жеңісті нағыз патриотизмнің айқын көрінісі деп санаймын», – деді Президент.
Марапатталған спортшылардың арасында жеңіл атлет Ясмина Тоқсанбаева да бар. Оған «Ерен еңбегі үшін» медалі табысталды.
Aqorda
Бұған дейін Тоқсанбаева спорттық жүрістен 42,195 шақырымдық марафонды 3 сағат 22 минут 20 секундта бірінші болып аяқтаған еді. Алайда кейін оның нәтижесі World Athletics ұйымының талаптарына сай келмейтін кроссовка кигені үшін есепке алынбады.
Айта кетейік, Қазақстан құрамасы XX жазғы Азия ойындарында 84 медаль (12 алтын, 24 күміс және 48 қола) жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте 46 елдің арасында сегізінші орынға тұрақтады.
Ал V Азия Параойындарында қазақстандық спортшылар 50 медаль иеленіп, үздік ондыққа енді.