Байлар көбірек салық төлеуі мүмкін: Президент жаңа ұсыныс айтты
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында ірі байлық иелеріне жоғары мөлшерлемемен салық салу мәселесін қарастыруды ұсынды.
Астана, NEGE. Президент заңды жолмен жиналған мүлік пен қаржыға ешқандай шектеу қойылмайтынын атап өтті. Оның айтуынша, мәселе әр азаматтың ел дамуына табысына сай әділ үлес қосуында.
«Ірі байлық иелеріне жоғары салық мөлшерлемесін енгізуді талқылайтын уақыт келді деп санаймын», – деді Мемлекет басшысы.
Үкімет пен Құрылтай бұл ұсынысты зерттеп, нақты шешімдер әзірлеуі тиіс.
Сонымен қатар Тоқаев жаңа Салық кодексін қайта қарауды тапсырды.
Президенттің айтуынша, жаңа кодекстегі кейбір талаптар кәсіпкерлерге қиындық туғызып отыр. Сондықтан Үкімет бизнес өкілдерінің пікірін ескеріп, түсініксіз нормаларды түзетуі және артық салық жүктемесін азайтуы керек.
«Салық кодексі – бұл догма емес, қасиетті жазба емес. Ол өмір шындығынан алшақ болмауы керек», – деді Президент.
Тоқаев салық жинау ісінде жасанды интеллектіні кеңінен пайдаланып, көлеңкелі экономиканы қысқарту қажет екенін де айтты.