Тоқаев әскери әзірлік сапасын арттырып, бюджет қаражатын ұтымды пайдалануды талап етті
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қарулы күштер бас штабының бастығы Айтқұрман Омарбеков пен қорғаныс министрінің орынбасары Татьяна Савельеваны қабылдады, деп хабарлайды Ақорда.
Астана, NEGE. Президентке қарулы күштердің жауынгерлік әзірлігі, әскери даярлық іс-шараларын қаржылай қамтамасыз ету, Қорғаныс министрлігі бюджетінің орындалуы және сарбаздарға жүктелген міндеттер туралы баяндалды.
Бұған қоса, әскердің қазіргі уақыттағы қажеттіліктерін қаржыландыру және армияны дамыту бағдарламасы сөз болды. Сондай-ақ әскери әзірлік міндеттерін ескере отырып қаражатты қайта бөлу, инфрақұрылымды жарақтандыру және бөлімшелердің күнделікті қызметін қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. Сарбаздың маманданған бағытына сәйкес міндеттерді орындауға дайындығына ерекше назар аударылды.
Бұдан бөлек, мобилизацияны жоспарлау және әскери резервті дайындау, жоспарланған шығындарды негіздеу, бюджет тәртібін сақтау, бөлінген қаржыны пайдалану тиімділігін арттыру мәселелері, сондай-ақ қаржылық бақылау мен шығыстарды бағалау тәсілдері талқыланды.
Кездесу қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев әскери әзірлік сапасын арттыру, армияның негізгі қажеттіліктерін қаржыландыру және бюджет қаражатын ұтымды пайдалану мәселелері бойынша бірқатар тапсырма берді.