USD
USD
USD

Тоқаев: Артқа шегінер жол жоқ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтайдың бірінші сессиясында әлемдегі геосаяси ахуалдың күрделеніп, жаңа халықаралық тәртіп қалыптасып жатқанын айтты.

Тоқаев
Фото: Ақорда

Астана, NEGE. Президенттің сөзінше, қазіргі әлемдегі оқиғалар жүйесіз әрі болжауға қиын сипатқа ие. Мемлекеттер арасындағы өзара сенімнің азаюы Біріккен Ұлттар Ұйымы мен оның институттарының қызметіне кері әсерін тигізді.

«Әлемдегі оқиғалар тасыған селдей жүйесіз, бейберекет сипатқа ие, алдымызда не боларын болжаудың өзі қиын. Бұл катаклизмдерден елдер мен халықтардың ешбірі тыс қалған жоқ. Мемлекеттердің, әсіресе ірі елдердің арасындағы сенімге селкеу түсті. Бұл БҰҰ мен оның институттарының қызметіне зардабын тигізуде», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі қазіргі таңда жаһандық және өңірлік деңгейде бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі миссиясын атқара алмай отырғанын айтты. Осы жағдайда өңірлік халықаралық ұйымдардың рөлі артып, әлемдік аренада «орта державалар» деп аталатын мемлекеттер алға шыға бастаған. Оның сөзінше, Қазақстан да аталған санатқа жатады.

Сонымен бірге Президент цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектінің қарқынды дамуы әлем үшін жаңа әрі күрделі сын-қатерлер туындатып отырғанына назар аударды.

«Кейде мұны осы технологияны ойлап табатындар да түсіне бермейді. Мәселен, таяу келешекте ядролық қарудың орнын жасанды интеллект құралдары алмастыруы мүмкін деген болжам айтылды. Мұның бәрі әлемнің дамуы заңдылық пен қисыннан ада екенін көрсетеді. Ал оның зардабын келешек ұрпақ тартады», – деді ол.

Сонымен қатар Президенттің сөзінше, әлемде қалыптасып жатқан жаңа тәртіп керағар сипатта және қарама-қайшылыққа толы. Мұндай жағдайда мемлекет экономика, ғылыми және әскери-дипломатия салаларындағы егемендігін нақты іспен қорғап, адам әлеуетін дамытуға тиіс.

«Мемлекетімізді жан-жақты жаңғырту стратегиялық тұрғыдан маңызды. Мақтангершілік емес, әділін айтсақ, біз жүргізіп жатқан ауқымды реформалардың қарқыны алдағы уақытта үдей түспесе, бәсеңдемейді. Қарапайым тілмен айтқанда, артқа шегінер жол жоқ. Бұл – елеулік жетістік», – деді ол.

Президенттің сөзінше, елімізде экономикадағы іргелі реформалар қолға алынып, азаматтардың әл-ауқатын арттыру басты міндеттердің бірі ретінде белгіленген.

«Индустрияландыру қарқын алып, экономиканың жаңа өндірістік негізі айқындалып келеді. Мемлекет және шетелдік инвесторлар құйған қомақты қаржының нәтижесінде барлық өңірде жаңа өндіріс нысандары мен мыңдаған жұмыс орны ашылып жатыр», – деді Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстандағы реформалардың күн тәртібінде қазіргі және болашақтағы ықтимал жаһандық сын-қатерлер ескерілген. Бұл сын-қатерлерді еңсеру үшін алдын ала қажетті шаралар қабылданады.

Қазір оқып жатыр

Құрылтайды кім басқаратыны белгілі болды

.

Президент әр облыс пен ауданда ерекше балаларға арналған орталықтар салуды тапсырды

Ерекше балаларға арналған орталық

Бектенов басқарған Үкімет отставкаға кетті

Үкімет

Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтайдың бірінші сессиясын ашты

Парламент