1 Тамыз 13:15
...

Тоқаев: «Алдағы маңызды міндет – әуе арқылы жүк тасымалын дамытып, Қазақстанды аймақтағы жетекші авиациялық хабқа айналдыру»

Ақорда
Фото: Ақорда
Ақордада Мемлекет басшысы көлік саласының қызметкерлерімен кездесті. 

Астана, NEGE. – Үкімет ұлттық жүк тасымалдаушы әуе компаниясын құру туралы жоспарын мәлімдеді. Жалпы, еліміздегі азаматтық авиация мен әуе арқылы жүк тасымалын дамыту мәселесі тек көлік қызметі ретінде қарастырылмайды. Оның ауқымы одан әлдеқайда кең. Бұл – еліміздің экономикалық өсіміне, халықаралық аренадағы орнына және егемендігіне тікелей әсер ететін стратегиялық вектор, – деді Президент.

Мемлекет басшысы автокөлік жолдарының сапасын жақсартуға қатысты ауқымды жұмыс жүргізіліп жатқанына назар аударды.

– Былтыр 7 мың шақырым автокөлік жолы пайдалануға берілді. Талдықорған – Өскемен, Қарағанды – Алматы, Ақтөбе – Атырау – Астрахан бағытындағы күре жолдар жаңғыртылды. Жергілікті автокөлік жолдары да жөнделіп жатыр. Мұндай ауқымды жұмыс ел тарихында бірінші рет іске асатын болды. Бұдан бөлек, басқа да ірі жобалар жүзеге асырылып жатыр. Өткен жылы халық көптен күткен Бұқтырма су қоймасындағы көпір ашылды. Бұл – Қазақстандағы ең ұзын көпір. Осы өткел екі облысты және жеті ауданды байланыстырады, сондай-ақ Қытай мен Ресейді жалғайды. Шақпақ баба асуында еліміздегі ең алғашқы туннель іске қосылды. Шын мәнінде, «Жол – тіршілік көзі, жол бар жерде қайнаған өмір бар» деп бекер айтылмаған. Осы нысандардың игілігін ең алдымен халық көреді. Сапалы жол азаматтардың әл-ауқатын арттыруға ықпал етеді. Жалпы, Қазақстанда көлік-транзит саласы қарқынды дамуда. Бұл – өздеріңіз сияқты азаматтардың қажырлы еңбегінің жемісі. Қазір осы салада 770 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Сіздер адал қызмет етіп, елімізді көркейтуге мол үлес қосып жүрсіздер. Мен бүгін барлық көлік саласы қызметкерлеріне шынайы ризашылығымды білдіремін. Біз бір ел болып заң мен тәртіпке бағынатын Әділетті Қазақстанды құрып жатырмыз. Бұл – мемлекетіміздің болашағы үшін өте маңызды жұмыс, оны міндетті түрде орындауымыз керек. Көлік саласы мамандары өз міндеттерін мінсіз атқарып, мемлекеттік маңызы бар іске белсенді түрде атсалысып келеді. Алдағы уақытта да ел игілігіне қызмет етесіздер деп сенемін. «Еңбек еткен елден ырыс кетпейді» дейді халқымыз. Еңбекқорлық пен кәсібилік – өркениетті қоғамға тән қасиеттер. Еңбек адамы ең жоғары марапатқа лайықты, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.