«ТОЙЫ КӨП ҮЙ» күлдіре отырып күрсінтті
Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театры кезекті қойылымның тұсауын кесті. Бұл жолғы премьераның жөні әдеттегі шығарылымдардан бөлек болды.
Бұлай дейтініміз, бұл қойылым еліміздің еңбек сіңірген әртісі, белгілі актер, театр және кино режиссері Мұрат АХМАНОВТЫҢ театрішіндегі шығармашылық апталығын ашты. Бұған дейін ел өңіріндегі бірнеше өнер шаңырағында абыройлы қызмет атқарып, талай тұшымды туындыларды сахналаған Ахманов Мүсірепов театрының репертуарын толықтырып жүр.
Атап айтар болсақ, Мұхамметқали ХАСЕНОВТІҢ «Пай, пай, жас жұбайлар-ай!», Бикен РИМОВАНЫҢ «Қос мұңлық», Әлімбек ОРАЗБЕКОВТІҢ «Бір түп алма ағашы», Иран-Ғайып ОРАЗБАЕВТЫҢ «Фатима», өзбек драматургі Саид АХМАТТЫҢ «Келіндер көтерілісі» шығармаларын көрермен назарына ұсынған.
Баққожа Мұқайдың күні кеше ғана тұсауы кесілген «Тойы көп үй» пьесасы да Ахмановтың шеберлігін танытқан кезекті туындылардың бірі болды.
Көрерменді күлдіре отырып жылатқан спектакльде бүгінгі қоғамның айна қатесіз көшірмесі көрініс береді. Анығын айтқанда, тағдыры қарама-қайшы кейіпкерлердің басы бір туындыда тоғысқан. Балалы бола алмай жүрген жанұя мен сәбиін көшеге тастаған көкек ана, өз күйеуінен жерініп, өзгенің жарына ортақтасқысы келген опасыз келіншек, ұлы бақпағандықтан көшеде қалған кейуана және соңынан қабіріне құлпытас қояр ұлға зар болған қария мұңы айшықты суреттеледі.
Тоғысқан тағдырлардан тұратын қойылымда мейіріммен қатар, жемқорлық пен сатқындық та қалыс қалмаған. Ол құсадан күйінген кейіпкердің «Заңды бұзатындар – заңды білетіндер» деген ащы зарынан аңғарылады.
Спектакль екі актерлік құрамнан тұрады. Сафуан РЫСБАЙҰЛЫ, Әсет ИМАНҒАЛИЕВ, Ақбота РАХАТ, Динара ШЫМЫРБАЕВА, Нұржамал ӘБІЛҚИЯСҚЫЗЫ, Мәдина МОЛДАҒАЛИЕВА, Әлихан КӘРІБАЕВ, Қазбек ТӨЛЕН, Хазима НҰҒМАНОВА, Сәуле ТҰРДАХҰНОВА сынды театрдың маңдайалды әртістері басты рөлдерді кейіптеген.
Қойылым адамзатты қандай жағдай болса да жақсылық жасаудан жалтармауға шақырады. Үйінен қонақ үзілмейтін Заңғардың тілімен айтар болсақ, адамдар қайғы мен қасыреттен емес, қуаныштан шаршасын!