Төбелесті, атты, бірақ түрмеге емес – Парламентке!

Nege.kz сайты праймеризге қатысушылардың арасынан бұрын істі болған Эльмар Хусаинов есімді кандидат туралы жазып, «Nur Otan» партиясының өкілдеріне ресми сауал жолдаған болатын. Ресми жауапқа қатысты мақала сайтымызда жарияланды.
«Nur Otan» партиясының өкілдері Эльмар Хусаиновтың тіркеу рәсімі барысында барлық тиісті құжаттар мен анықтамаларды толық ұсынғанын, алайда аталған жағдайға байланысты тексеріс жүретінін мәлімдеген еді.
-
Тақырыпқа орай: Праймериз: Бұрын сотты болғандар қалай кандидат атанды?
Атырау облысы бойынша Партиялық бақылауының фейсбук парақшасында комиссия мүшелері үміткерлерді праймеризге тіркеу және қабылдау жұмыстары бойынша шағымдарды қарап, былай деп хабарлады: «Облыстық Партиялық бақылау комиссиясы отырыс барысында NEGE MEDIA бас редакторы Е.Рахымовтың бұрын сотталған Эльмар Хусаиновтың партия праймеризіне қатысуының негізі туралы шағымын қарады. Отырысқа праймеризге қатысушы, «Nur Otan» партиясының мүшесі Э.У Хусаинов шақырылды. Құжат қабылдаған сәтте Э.Хусаинов Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есеп комитетінен 2020 жылдың 17 тамызындағы жағдай бойынша соттылығы жоқ деген анықтама өткізді».
Біріншіден, Е.Рахымов – Nege.kz порталының Бас редакторы. Екіншіден, Бас редактор билік партиясына үміткер Э.Хусаиновқа қатысты шағым емес, журналистік ресми сауал жолдаған. Партияның Атырау облыстық бақылау комиссиясы шағым мен журналистік сауалдың ара жігін ажырата алмайтыны қызық екен...
Сөйте тұра Партиялық бақылау комиссиясы Э.Хусаиновтың 2014 жылы бұзақылық жасағаны үшін істі болғанын, 3 жылға бас бостандығы шектелгенін мойындайды. Хусаиновтың өзі де мұны жасырмапты. 2015 жылы жазасы айыппұлға ауыстырылып, кейіннен жазаның күші жойылғанын айтқан.
Комиссияның отырысы
Комиссия шешіміне сенсек, Эльмар Хусаинов «Нұр Отан» партиясы Атырау қалалық филиалының ұйымдастыру комитеті бойынша 2020 жылғы 25 тамызда праймериз өткізу ережесінің 10.2 тармағына сәйкес тіркелген.
-
Тақырыпқа орай: Праймериз: «Нұр Отанға» төбелескіш те керек пе?
Отырыс барысында Хусаинов Комиссия мүшелерінің сұрағына жауап беріп, төбелес әйелінің ар-намысын қорғау қажеттілігінен туындағанын түсіндіріпті.
«Қылмыстық заң нормаларына сәйкес, жазаның неғұрлым жеңіл түрі кесілген адамдарға қатысты соттылық – жазаны нақты өтеген кезде жойылады. Сол себепті, соттылыққа байланысты барлық құқықтық жауапкершілік күшін жояды. Осылайша, Комиссия мүшелері аумақтық ұйымдастыру комитетінің жұмысынан Эльмар Хусаиновтың құжаттарын қабылдап, тіркеу кезінде заң бұзушылық фактілерін көрмеген. Партияның праймеризіне қатысу үшін, Ереженің 9.2-тармағының 2-тармақшасына сәйкес, Эльмар Хусаиновты праймеризге қатысушылардың тізімінде қалдыру туралы шешім қабылдады», – дейді Партиялық бақылаудың фейсбук парақшасында.
Nege.kz тілшісі Эльмар Хусаиновтың өзіне хабарласты.
Партияға «адайский характер» жетпейді
– Кандидат болу үшін прокуратурадан «ешқандай қылмыс, заң бұзушылық белгілі бір уақыт аралығында болған жоқ» деген анықтама алу керек. Мен олардың барлығын заңды түрде тапсырдым, – дейді Э.Хусаинов.
– Бұзақылық жасағаныңыз рас қой?
– Ол 2014 жылы болған іс. 2015 жылы менің соттылығым заң аясында алынып тасталды. Одан бері 5 жыл өтті. Мен ондай бұзақылыққа жайдан-жай барған жоқпын. Жұбайымның ар-намысына тиетін жайттар болды. Мен ондайға шыдай алмаймын, «адайский характерім» бар. Одан ары қарай төбелесіп кеттім. Ал травматикалық қаруды ол мені қоқыс жәшігімен ұрғаннан кейін ғана пайдаландым. Иә, төбелесті мен бастадым, оны мойындаймын. Өйткені олар менің әйелімнің ар-намысына тиетін сөздер айтты. Мен де басымнан жарақат алдым. Оның барлығы сотта дәлелденіп шықты. Егер де кінә тек менің ғана тарапымнан болса, мені 3 жылға түрмеге жабатын еді.
– Жәбірленушімен татуластыңыз ба?
– Бұл іс баяғыда жабылған, кейін екі тарап татуластық. Тіпті олардың маған сайлауда сәттілік тілеген видеосы да бар. Менің праймеризге қатысуым заңды, 2015 жылдан бері құқық қорғау органдарымен ешқандай да ісім болған жоқ, – деп жауап берді Эльмар Хусаинов.
Украина Радасындағы төбелес
P.S. Жуас партияға «адайский характер» керек те шығар, бәлкім. Партия басшылығы Хусаиновты сол үшін де қалдырған болуы мүмкін. Бір жағынан іші пысқан жұртқа да қызық керек. Украина Радасындағыдай, тіпті мына көрші Қырғыз Республикасының Жогорку Кенешіндегідей біздің де Мәслихатта немесе Мәжілісте Хусаинов бастаған депутаттар мемлекет мүддесі үшін бір-бірінің тұмсығын бұзып жатса, несі жаман? Романтика! Тек Парламентке тапанша алып кірмесін деңіз...